Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған "Абай ілімі – руханият негізі" атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның басты мақсаты - Абайдың әлеуметтік-мәдени феноменін ұғыну. Онлайн форматта ұйымдастырылған кездесуге абайтанушылар, филосифия, филология ғылымдарының докторлары, тарихшылар, музей қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Спикерлер баяндамаларының тақырыптары әртүрлі болды. Абай және жастар, ақынның шығармашылығын әлемге таныту, Абай шығармаларындағы «толық адам» идеясы, Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайының атқарып жатқан жұмысы жайында өз ойларын ортаға салды. Зерттеулер нәтижелерімен бөлісті.

Философия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА профессоры Ғарифолла Есім, Абай арқылы жастарды тәрбиелеу маңызды дейді.

-Жақсы мен жаманды айыру үшін біз Абайды оқуымыз керек. Оқып қана қоймай, білу, түсіну және таңу керек. Абайды білу дегеніміз Абайға жол табуды білдіреді. Жол табу үшін Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың “Абай жолын” оқу қажет. Өмірбаяның, өмір сүрген ортасын білсек, Абай деген білім шығады. Кейін түсіну процессі жүре бастайды. Түсіне бастаған соң, Абайдың бойына жұққан сөздердің мағынасы ашылады. Содан кейін барып мұның барлығы адам бойында ғылым болып қалыптасады. Абайды білу, ғылымға айналады. Сол кезде ғана жастардың санасында берік орын алады, -дейді ҚР ҰҒА профессоры Ғарифолла Есім.

Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының талдау және сыртқы әдеби байланыстар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Ананьеваның айтуы бойынша, Абайдың еңбектерін аударып, мол мұрасын өз елдерінде насихаттап жүрген мамандар баршылық. Олар ақын шығармаларын аударып қана қоймай, Абайдың әлемдік өркениетке қосып жатқан үлесін бағалауда.

- Минск қаласындағы "Звезда" эдельвейс үйінің базасында портал ашылады. Бұл жерде “Абай әлемі” және “Әуезов әлемге саяхат жасайды” екі интернет парақшасы көпшілікке қол жетімді болады. Посткеңестік Одақ елдерінің халқы ақынның, жазушының шығармаларын оқи алатын болады, - деп атап өтті ол.

ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов "Абай ілімі – руханият негізі" дөңгелек үстел қатысушыларына алғыс білдіріп, университет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді.

- Университетте көптеген жобалар қолға алынуда. Соның бірі – «Адам бол» академиясы. Бұл жоба студенттердің санасын жаңғыртуға бағытталған. Университет түлектері қандай ортада болсын бәсекеге қабілетті болуы тиіс. ЖОО-да «21 ғасырдағы Абай» курсы оқытылады, - дейді ректор.

Бұған университетте ұзақ жыл еңбек еткен абайтанушы Евгений Григорьевтің үлесі зор екенін атап өткен жөн.