Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ университетіне «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» Басқарма төрағасы - ректор Бауыржан Амангелдіұлы бастаған бір топ делегаттар жұмыс-сапарымен келді. Басты мақсаттары ШҚТУ жұмысымен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, іс-тәжірибемен алмасуға мүмкіндік беретін меморандум бекіту.

Сапар барасында семейлік университет мамандарына ШҚТУ-дың материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Алдымен қауіпсіздік жүйесінің жұмысы жайында мағлұмат беріліп, құзыреттілік орталықтары көрсетілді. Бүгінгі таңда университет қабырғасында 14 құзыреттілік орталық жұмыс істейді. Бұл жерде студенттер білім алып қана қоймай, бірдең тәжірибе жинақтайды. Ғылыми жобаларын жүзеге асырады.

Сонымен қатар, қонақтар VERITAS «материалдарды прототиптеу және өңдеу» ғылыми-өндірістік кешеніне барып, қызметімен танысты. Сондай-ақ, қонақтар жаңартылған фитнес-залға, кітапханаға, "Үлкен Алтай" мұражайына барып, «B2B» кездесуіне қатысты.

«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» Басқарма төрағасы - ректор Бауыржан Амангелдіұлы айтуынша, облыстың екі университеті бірлесе отырып, өңір экономикасын мықты қарқынмен дамытуға қауқарлы. Білім ошақтарының бұдан әрі дамуына ықпал ететін жұмысты атқаруға дайын.

ШҚТУ университеті мамандары Семей қаласының Шәкәрім атындағы университет делегаттарымен дөңгелек үстел аясында пікір алмасып, бірлесе жұмыс атқаратын бағыттарды таңдады. Кездесу соңында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.