Соңғы уақытта есірткі таратумен айналысып, тәртіп сақшыларымен ұсталған студенттер жайында ақпарат белең алуда. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысында бұл қылмыс үстінде кәмелет жасқа толмаған 4 азамат, биыл 1 жасөспірім ұсталған. Бұл туралы ШҚО ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Руслан Көшкінчинов хабарлады.
«Әлеуметтік желіде лақап атпен немесе анонимді тұрғыда жұмыс ұсынатындардан сақтану керек. Қылмыс үстінде ұсталғандардың көбі «ОЛХ.kz» жарнамалық сервисі арқылы «ақылы жұмысқа» орналасқандарын айтады. «Ақысы» жоғары, күдікті жұмыстардан сақ болған абзал» - дейді, подполковник Руслан Нұрланұлы.
Тәртіп сақшысы қылмыстың оқу үлгеріміне тікелей байланысы жоғын айтады. Оқудан қалмайтын, сабақ үлгерімі орынды студент/оқушы демалыс күндері де қылмысқа баруы ықтимал. Сондықтан, бұл ретте ата-аналарға бала бос уақытын назардан шығармау керегі ескертіледі.
ҚР Қылмыстық кодекстің 297 бабы, 3 тармағына сәйкес адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бірнеше рет;аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған; лауазымды адам қызмет бабын пайдалана отырып жасаған; электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы; қоғамдық орында жасалған іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Есірткі таратумен байланысты қызмет ұсынылған жағдайда Полиция департаментіне анонимді тұрғыда хабарлауға болатынын хабарлаймыз!