Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-і жаңа оқу жылынан бастап Дмитрий Петров Орталығымен бірлесе жұмысын бастады. «Үштілділік-табыс формуласы!» жобасының аясында аталған орталықтың оқытушылары Августина Николаевна Литвинова және Джамиля Магомедовна Усманова университетімізге табан тіреді.
Оқытушылардың университетімізге келу сапарының мақсаты – Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің пилоттық үш тобы бойынша студенттеріне базалық ағылшын тілін оқыту. Бұл топтарға студенттерді іріктеудің басты критерийі тілді білудің бастапқы деңгейімен анықталды. Оқыту 16 сағат бойынша екі модульді қамтиды. Бірінші модуль базалық ағылшын тілін оқытуға бейімделсе, екінші модуль «АКТ» пәндік –бағдарланған ағылшын тіліне бағытталған.
Ағылшын тілін техникалық университетте мұндай тереңдетіп оқыту қазіргі уақыттың қажеттілігіне байланысты. Бірінші курс студенттері ертеңнен бастап АКТ, физика, математика бойынша ағылшын тілінде дәрістер тыңдауға отырады.
Дмитрий Петров Орталығының оқытушылары студенттермен бір мезгілде университет оқытушыларымен де тренингтер өткізуде. Оқытушылармен өткізу тренингінің мақсаты Дмитрий Петров жүйесін пайдалану арқылы өз сабақтарын жүргізіп, тәжірибе алмасу. Курстың соңында тыңдаушыларға ағылшын тілін оқығанын растайтын құжат-сертификат беріледі.
Негізінде, аталған курстың бағасы Астана қаласында бір тыңдаушыға 90 000 теңге тұрады. Бірақ, біздің техникалық университеттің студенттері үшін бұл курс тегін жүргізілуде. Бұл жерде, ШҚМТУ-нің басқа университеттерден ерекшелігі үштілді білім беруді дамытуда қосып жатқан үлесінің зор екенін дәлелдейді.
Инновациялық-коммуникативтік Лингвистика Орталығының оқытушылары университет пен студенттер жайлы өз ойларымен бөлісті.
- Бүгін екінші сабақ өткізілді, бірақ соған қарамастан балалар сөз тіркестерін құрап, барлық тапсырмаларды орындап отырды, жалпы айтқанда, олар тырысып, сабаққа деген қызығушылықтарын көрсетті, - деді оқытушы Августина Литвинова.
Дмитрий Петров орталығының оқытушылары бұл үдерістің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, университеттің оларды жылы қабылдап жатқанын, ал ең бастысы, университет ректоры үштілді білім беруді дамытуға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
Дмитрий Петров орталығының барлық ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз. Жұмыстарыңызға табыс және сәттілік тілейміз.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің баспасөз қызметі