Белокуриха қаласында (Алтай өлкесі) «Алтай - Азия 2024» атты VI халықаралық білім беру форумы өтті. 10-нан астам елдің сарапшылары заманауи университеттердің алдында тұрған мәселелерін талқылады.

Форумның Сараптамалық сессиясында ШҚТУ атынан «Еуразиялық кеңістік жағдайында университетті халықаралық білім беру платформасына айналдыру» тақырыбында басқарма мүшесі - халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор А. А. Сәрсембаева баяндама жасады. Сәрсембаева А.А. университет жетекші орындарды иеленетін рейтингтер туралы айтты, халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, университетті трансформациялаудың негізгі стратегияларын, ШҚТУ - Лу Бань шеберханасының озық тәжірибесін, Қазақстан-Германия ғылым және технология институты, ERASMUS+ CirculEC жобаларымен таныстырып, сондай-ақ ШҚТУ-дың Азия университеттері қауымдастығының іс-шараларына белсенді қатысуы туралы айтты. Баяндама форумға қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Форум 4 тректен тұрды: 1. Трек Білім беруді трансформациялау: болашақ өзгерістердің түпбейнесі; 2. Трек Болашақтың дағдылары; 3. Трек Өңірлердің цифрлық активтері; 4. Трек Үлкен Еуразияның білім беру кеңістігіндегі интеграциясы: жаңа тәсілдер мен серіктестік стратегиялары.

4 трек жұмысына модератор және спикер ретінде Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Қалиева Қ.С. белсене қатысты. Бұл тректе Еуразияның мәдени және табиғи мұрасын сақтау және арттыру мәселелері талқыланды. «Үлкен Алтайдың түркі әлемі: тарих пен қазіргі замандағы бірлік пен әртүрлілік» («Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру орталығы) халықаралық кешенді жобасын одан әрі жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ШҚТУ делегациясының мүшелері Азия университеттері қауымдастығының VI съезіне қатысты. Съездің басты тақырыбы Азия университеттері қауымдастығының жетекші университеттерінің ғылыми-білім беру кеңістігінде жаңа сын-тегеуріндер мен міндеттерді ескере отырып, негізгі бағыттарын үйлестіру және қауымдастықты желілік ынтымақтастық платформасы ретінде дамыту стратегиясын айқындау болды. Съезде келесі екі жылдық мерзімге Азия университеттері қауымдастығының президенті сайланды (Қазан (Еділ бойы) федералды университетінің ректоры Ленар Сафин), сондай-ақ Қауымдастыққа жаңа университеттерді қабылдау рәсімі болды.