Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті 64 рет бірінші курс студенттерін қарсы алды. Қала құраушы кәсіпорындармен бір алаңда орналасқандықтан, ЖОО студенттерді оқытудың практикаға бағдарланған моделін ұстанады және өңірдің, жалпы елдің экономикасы үшін сұранысқа ие инженерлік кадрларды дайындайды.

Жақында өткен «Адами капитал – жаңа Қазақстанды дамытудың негізгі ресурсы» атты ҚР Ғылым және жоғары білім беру форумында министр Саясат Нұрбек тау-кен металлургия саласында мықты мамандарды даярлайтын және металлургиядағы жаңашылдықтарға бет бұратын университет ретінде ШҚТУ-ды атап өтті. Іс-шараға жұмыс берушілерден, мемлекеттік қызметшілерден және ШҚТУ серіктестерінен қонақтар шақырылды.

Мерекелік шара мектеп шеруінен басталды. Шеруге профессор-оқытушылар құрамы, колледждің бірінші курс студенттері және «EKTU Educational Academy» жобасының қатысушылары қатысты. 
«Бірінші курс студенттеріне қош келдіңіздер дегім келеді.  Барлық білім алушыларды, әсіресе, еліміздің  Түркістан, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарынан келіп отырған балаларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Осы жылы біздің студенттердің қатары Қытай, Ресей, Моңғолия және Нигерия сияқты елдердің азаматтарымен толықты» деді өз құттықтау сөзінде Сәуле Жадыгерқызы.

Сонымен қатар, студенттерді «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының басшысы Қылышқанов М. К., «Qaz Gold Minerals» ЖШС геология жөніндегі директоры Гавриленко О. Д. құттықтады.

Президенттік стипендияның иегері атанған білім алушылар салтанатты түрде марапатталып, ЖОО-ның шығармашылық жастары концерттік нөмірлерін паш етті.  Кейін бірінші курс білім алушылары кураторлық сағаттарға қатысты.