Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да Қазақстандағы АЕS компаниялары тобының және USAID бағдарламасының бірлескен жобасы аясында Бюджеттік салада және өнеркәсіпте энергетикалық мониторинг және менеджмент жүйелерін енгізудің практикалық қадамдары» атты халықаралық конференция болды. Оған облыстық әкімдік, Орталық Азиядағы USAID қызметінің өкілдері, АЕS корпорациясының Қазақстандағы вице-президенті Сергей Зуев, ШҚМТУ-дың ғалымдары мен студенттері, сондай-ақ бірқатар жергілікті жетекші сарапшылар қатысты.
Бюджеттік салада және өнеркәсіпте энергетикалық мониторинг және менеджмент жүйесін енгізудің практикалық қадамдарына арналған конференция Өскемен қаласының әкімдігінің, «Шығыс Қазақстан облысы энергетика және ТКШ» мемлекеттік басқармасының, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың, климат өзгеруін тежеу жөніндегі USAID-тың қазақстандық бағдарламасы және Қазақстандағы АЕS компаниясы тобының арасында қол қойылған меморандум мен бірлескен жұмыс нәтижесі болып табылады.
Қатысушылар назарына аймақта энергетиканы дамыту перспективалары мен қазіргі жағдайына шолу, энергоменеджмент пен мониторинг жүйесін енгізу жөніндегі техникалық шешімдерді жүзеге асырудың жаңа қаржы ресурстарын табудың тәжірибесі ұсынылды.
USAID-тың климатты өзгерту жөніндегі қазақстандық жобасының жетекшісі Алексей Санковский қазірдің өзінде енгізілген энергия үнемдеуші шаралардың нәтижесі бюджеттік ұйымдардың энергия үнемдеудегі жалпы әлеуеті қолданылып жүрген энергия ресурстарының 25-30 пайызын құрай алатынын айтты. Басқаша айтқанда, бюджеттік ұйымдардың коммуналдық қызметке шығыны осынша төмендеуі мүмкін болады.
Ол бюджеттік секторда энергия менеджментін енгізуге тежеу болып отырған факторларға да тоқталды. Бұл кемшіліктерді жойған кезде бағдарламаны жүзеге асыру тиімділігі анағұрлым артады. Шешен Павлодар мен Қарағанды қалаларындағы оңды мысалдарға тоқталды. Сондай-ақ, ШҚМТУ-дың техникалық және методикалық көмегі көп пайда беріп отырғанын атап көрсетті.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Олег Гавриленко ШҚМТУ жанындағы өнеркәсіптік аудит орталығы қызметінің негізгі принциптері туралы толық айтып берді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстың нәтижелерін ШҚМТУ-дың «Энергетика және техникалық физика» кафедрасының доценті Тамара Сегеда хабарлады.
Конференцияда энергоаудит жөнінде сарапшылардың баяндамалары тыңдалды. Мәселелерді талқылау барысында оған қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, энергия үнемдеу саласындағы тәжірибелерімен бөлісті, жаңа міндеттер белгіледі.