Екінші халықаралық EKTU RnD forum-2024 аясында «Автоматтандыру технологиялары және машина жасауға арналған роботтандыру» форсайт сессиясы өтті. Форум машина жасау, ТМК саласындағы кәсіпорындар, ЖОО және ҒЗИ басын қосса, форсайт сессия барысында әр саланың күн тәртібіндегі мәселелері мен олардың шешімдер талқыланды.

Мойындау керек, «Автоматтандыру технологиялары және машина жасауға арналған роботтандыру» форсайт сессиясына қатысқандардың IQ көрсеткішттерінде шек болмады. Ауыл шаруашылығы, ІТ, ауыр өнеркәсіп, беделді университеттер ғалымдары, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері еліміздің ғылымы мен салалық өнеркәсіптеріне қатысты өзекжарды тақырыптарды іскерлік пен қалам ұшында ақтарып, ұсыныстар даярлады.

Сессияға «Майлы дақылдардың тәжірибелі шаруашылығы» ЖШС Бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Данияр Абитаев, «Arcobo» ЖШС Басшысы Жабрев Леонид Анатольевич, НУ National Laboratory Astana АҒҚ Аманжол Тұрлыбекулы, «Өскемен өндірістік арматура зауыты» АҚ Техникалық директоры Рустам Ахмадиев, CEO of Tianjin UMS smart Technology, Tianjin, China OWN CHUNG-MING, Allur Auto бас инженері Сәкен Ақылбекұлы, Сәтпаев университеті PhD Докторы Руслан Мұқанов, Академик Ө. А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының ғылыми жетекшісі Амандық Төлешов қатысты.

Қатысушылардың дені, жасы әртүрлі. Ауылшаруашылық саласындағы кадрды үйлестіру, ірі қара малды импланттар мен цифрлық технологиялар көмегімен басқару, мал сауу, қалдықтарын технологиялық тазарту жағдайлары туралы ойын, идеяларын, жұмыстары, ракета, космос технологиялары салаларында қолданылатын сымдарды даярлау технологиялары, еліміздегі темір сапасын белгілеу стандарттарының жай-күйі баяндалды.

Сессия барысында университет бітірген жастарды жұмысқа орналасқаннан кейін «қайта оқытудың» қажет еместігін, олардың жолын ашып, менторлық қамқорлыққа алу мәселелері, «Аспан асты елінен» келген қонақтар «шахталық дрон» технологиялары туралы, ғылыми зерттеу институтының ғалымдары тәжірибедегі ғылымның, ғылымдағы тәжірибенің үлесін мөлшерлеу міндеттері туралы өзекті мәселелер, келісті шешімдерімен бөлісті.

Форсайт сессия діттеген мақсатына сәйкес, ғалымдар мен өнеркәсіп саласы өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, «виза алмастыру» дәстүрі жүрді. Еркін диалог күйі орнап, бір компания енді тәжірибеге алған қадамдарды бұрыннан зерттеп жүрген ғалымдар «мұрағаттарын ақтара» ортаға салды.

Екі бөлімнен тұратын сессия соңында әр саланың өкілдері тақырыптарын, міндеттерін, шешімдерін бекітіп қорытынды сессияда жариялады.