Жылдың алғашқы аптасында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекет тарихы институтының тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – Шығыс Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихын зерттеу жөнінде іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Орталықтың ашылуына мемлекет тарихы институтының директоры Б.Г.Аяған, университет ректоры Н.М.Темірбеков, проректор О. Д. Гавриленко, Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары, С.Аманжолов атындағы университеттің оқытушылары қатысты.

Б.Аяған мен Н.Темірбеков өлке тарихын зерттеуде жаңа орталықтың маңызына тоқталды.

– Университеттің маман даярлаудағы табысына облыстың ірі кәсіпорындарымен, шетел ғалымдарымен ынтымақтастығы ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Техникалық жоғары оқу орнында «Абай ХХІ ғасыр» халықаралық клубының базасында рухани-этикалық курс оқылатыны қуантады. Ұлы Абайдың идеялары студент жастарға дарып жатқаны өте құптарлық жайт, – деді Бүркіт Аяған.