Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өмірдің барлық салаларына тоқталып, алдағы жылдарға ғана емес, шұғыл шешілуі тиіс мақсат-міндеттерді айқындады.
Білім саласын жақсарту мен ғылымға қолдау көрсету туралы берілген міндеттемелер көңіл қуантады. Президент жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, ғылыми зерттеу институттарды тікелей қаржыландыру тәртібін әзірлеуді тапсырды. Алдағы уақытта министрлік ғылыми мекемелерді іріктеудің әрі қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлейтін болады.
Бүгінгі таңда бүкіл әлем цифрландыру жүйесін кеңінен қолға алып, дамыту үстінде. Мемлекет басшысы, саланы жетілдіретін мамандарды даярлау қажет екендігін баса айтты. Осыған орай, 100 мың «IT» маман дайындау қолға алынбақ. Бұл үшін ЖОО-да оқу бағдарламаларын жаңартып, заманға сай әзірлеу қажет болып отыр.
Геология, экология, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға маңызды міндеттемелер жүктелді. Біздің университетіміз бұл салаға қажетті мамандарды даярлайтын білім ордаларының бірі болғандықтан, алдағы уақытта жаңаша серпіліспен оқыту процессі ұйымдастырылады.
Тағы бір қуантарлық жағдай. Халыққа әлеуметтік жағдай көрсете отырып, былтыр мемлекеттің бюджет қорынан мемлекет қызметшілері, білім, медицина саласында қызмет ететін мамандардың жалақылары көтерілген болатын. Президент тапсырмасы бойынша биыл мәдениет және әлеуметтік саладағы қызметшілердің жалақысы өседі. Бұған қоса, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 000 теңгеге дейін көтерілді.