2022 жылдың 10 қарашасында гуманитарлық білім беру факультетінде "Бейформальды білім беру" тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараға жоғарыда аталған факультеттің оқытушылары қатысты.

Семинардың мақсаты: қазіргі жоғары оқу орындарындағы бейформальды білім берудің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ашып қарастыру.

Семинар барысында факультеттің академиялық кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты С.К.Ережепова; білім беру технологиялары орталығының жетекшісі Anthony Hetrick; шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы И.М.Калелова өз тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

С.К.Ережепова бейформальды білім берудің ерекше тұстарына, оны енгізу жолдары мен мүмкіндіктеріне тоқталып, салыстырмалы түрде шетелдегі және Қазақстандағы бейформальды білім беру тәсілдері туралы айтып өтті.

Anthony Hetrick онлайн оқу ортасын құру кезінде орталық тарапынан оқытушыларға қандай көмек көрсетілетіні жайлы ақпарат берді.

Калелова И.М. Open ektu платформасында өзі әзірлеген «English Elementary» курсын іс жүзінде көрсетіп өтті. Негізінде бұл ағылшын тілі курсы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың 1 курс студенттеріне арналған, бірақ, сондай-ақ ағылшын тілін меңгергісі келетіндердің барлығы осы бағдарлама арқылы тілді үйрене алады. Курс 8 тақырыптан тұрады, тақырыптың әр бөлімінде: бейне дәрістер, тақырып бойынша сөздіктер, тесттер, тапсырмалары мен мәтіндер бар.

Жалпы, факультет өз ұжымының бейформальды білім беру стратегиясын ойдағыдай меңгеруге көмектесетін нысандарды табуға тырысады. Ұсынылып отырған іс –әрекеттер тізбегі өз нәтижесін берері сөзсіз: өзіңіз сынап көріңіз – білім алышыларға ұсыныңыз – әріптестеріңізбен бөлісіңіз – пікірлес адамдарды табыңыз - күш біріктіріңіз. Өйткені, ең биік жетістікке тек бірлесе ғана қол жеткізуге болады.