Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

1 мамыр - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық - біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.

Бұл мереке барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі, ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы. Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «өзге ұлт өкілдерінің» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің бірі болып отыр.

Сіздерге бақыт, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға аманшылық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!


Құрметпен,
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы - ректоры
Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы