Бүгін біздің университет қабырғасында Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тило Клиннер мырзаның қатысуымен үшжақты меморандумға қол қойылды! Өзара Альянс арқасында біз алдағы уақытта IT-мамандарды «Азия Авто» өндіруші кәсіпорны және халықаралық деңгейде мойындалған германиялық SAP компаниясымен бірлесе отырып дайындамақпыз.
Серіктестердің айтуынша, жоғары технологияларды кәсіпорындар қызметіне енгізу барысында маман тапшылығы мәселесі анықталған. Университеттің көпжылғы серіктесі «Азия Авто» кәсіпорны өз қызметіне SAP компаниясының технологиясын енгізбек. Сондай-ақ, заманауи жоғарытехнологиялық бағдарламалармен жұмыс істеуге ШҚМТУ студенттерін 2 курстан бастап тарту көзделуде. Бұл үшжақты келісім жаңа заманның тың өзгерістеріне төтеп бере алатын мықты жас мамандарды дайындауда таптырмас тиімді тәсіл екенін мен де құптаймын. Аталмыш меморандум аясында мамандыққа келген студенттерге алдағы уақытта серіктестер тарапынан арнайы шәкіртақы бөлу де қарастырылмақ.
IT-мамандар бойынша айтсақ, бүгінде университет студенттері диплом алған соң оқу барысында өздері тәжірибеден өткен компанияларға бірден жұмысқа тұратыны рас. Өйткені, сұраныс көп. Ал бұдан былай, ШҚМТУ студенттері нақты SAP компаниясының технологиялары бойынша мықты жергілікті кәсіпорын базасында білім алмақ.
Жалпы, бүгінгі кездесуде мен 3 бағытқа ден қойдым:
1) Елші мырзаның ұсынысы бойынша желтоқсан айының басында Германия ФР Президенті Қазақстанға іс-сапармен келуіне орай университеттің жүзеге асқан дайын ғылыми жобалары мен өнімдерін көрсету;
2) ШҚМТУ базасында медицина саласы үшін жасалған жоғарытехнологиялық имплантаттар бойынша германиялық тараппен білім беру/кәсіптік қарым-қатынастарды қарастыру;
3) Германиялық SAP компаниясымен тұрақты серіктесіміз «Азия Авто» арқылы маман дайындауда ортақ келісімге келу.
Меморандумға қол қою барысында тараптар ШҚМТУ өнеркәсіптік Шығыс өңіріндегі тірек университет екенін алға тартты. Өйткені, SAP компаниясының тұтынушылары болып табылатын барлық ірі зауыттар біздің тікелей серіктестіреміз.
Ортақ мақсатымыз – бұл іске студенттерді, кәсіпорын мен компания мамандарын тарта отырып, заманауи мықты маман даярлаудың бірегей зертханасын жасақтау! Өйткені, біз жаһандық ортада өз бағыты бойынша еркін жұмыс істей алатын кәсіби мамандар тәрбиелеуіміз қажет.