Бүгін Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Садыбек Түгел облыстың ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері, зиялы қауым, қоғам, БАҚ өкілдермен және студенттермен кездесті.
Қонақтар қатарында ШҚО бойынша «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Алибек Қаңтарбаев, ШҚО ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Арайлым Есімбекова, «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай, А.Пушкин атындағы кітапхана директоры Бибигуль Шагиева, департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин болды.
Садыбек Түгел бастаған бір топ делегация алдымен университеттің ғылыми кітапханасында ашылған «Парасат жолы» орталығының жұмысымен танысты. Бұл жерде жас оқырмандарға адалдықты, әділдікті, парасаттылықты дәріптейтін ақын жазушылардың туындыларымен танысуға бар жағдай жасалған. Сонымен қатар, парасаттылық стратегиясы жазылған кітапшалар, сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған маңызды құжаттар жинақталған.
Еске сала кетейік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің арасында бекітілген меморандум аясында еліміздің барлық өңірлерінде «Парасатты жол» орталықтар ашылып жатыр. Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Садыбек Түгелдің пайымынша, орталықтардың жұмысы алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға, сондай-ақ бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болып, ізгілікті істердің ізін жалғастыруға едәуір ықпал етпек.