Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн» деп айтты. Сыбайлас жемқорлық сәулет-құрылыс қызметі, санитарлық-эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау салалардан бөлек білім саласында да жиі туындайтыны жасырын емес.
Мәселен, 2019-2020 оқу жылында академиялық адалдық деңгейін анықтау үшін еліміздің ЖОО студенттері арасында сауалнама жүргізілген болатын. 8,7%-ы сыбайлас жемқорлық фактілеріне жиі тап болатынын айтты. Респонденттердің пікірінше, сыбайлас жемқорлық фактілері көбінесе емтихандар мен сынақтар тапсыру және дипломдық жұмыстарды қорғау кезінде орын алады екен.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да мұндай жемқорлық фактілерін болдырмас үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Университетте құжат айналымы электронды форматта жүргізіледі. Студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жатақханаға орналасу, өзге де қажеттіліктер электронды түрде жүзеге асады. Бұл сыбайлас жемқорлық қаупін азайтуға бағытталған әрекет.
Бүгін ШҚТУ-дың бірінші проректоры, Әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкіл Сәуле Рахметуллина Мектеп декандарымен, білім беру бағдарламаларының жетекшілерімен, әдіскерлер және оқытушылармен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары жайында айтты. Адал болуға шақырды.