Кәсіби бағдар беру зертханалары алғаш 1903 жылы Страсбургте, 1908 жылы Бостанда ашылды. Дамыған елдерде бұл тәжірибе ғасырға жуық мерзімді қамтып келеді. «Мектептегі кәсіби бағдар берушілер» форумын ұйымдастыруды өңірімізде алғаш Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ қолға алды.

Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының мектептерінен келген бағыт бағдар берушілерге екі күндік іс-шаралар ұйымдастырылады. 100-ге жуық мамандар форумның алғашқы күнінде жоғары білімді, кәсіби бағдар беруші, педагогика және гуманитарлық ғылымдар магистрі Ілияс Маратұлы Садуақасовтың шеберлік сағатын тыңдайды.

АНЫҚТАМА: Форум хедлайнері - Ілияс Маратұлы Садуақасов - кәсіби бағдар беруші консультант. Арнайы курс авторы. CITO компаниясының мамандандырылған тестілеуші-психометригі. Көптеген әдістемелер, тестілер мен курстар авторы. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген. Әрбір өскелең қазақстандыққа мамандық таңдауға көмектесуді – өз миссиясы санайды.

Бағдарлама аясында, мамандар жасөспірімдерге бағыт бағдар берудің психологиялық, ұлттық, статистикалық аспектілеріне қанық болады. Мемлекеттік жоғары білім саясатының негізінде жобаланған, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Жаңа кәсіптер атласымен» кеңінен таныстыру жүргізіледі. Бұдан бөлек, іс-шаралар легінде арнайы тренингтер, зияткерлік ойындар, университеттің мұражай, оқу зертханалық кешендеріне экскурсия ұйымдастыру көзделген.