2024 жылы өткізілген Шығыс Салбұрын іс-шарасы Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен спортын насихаттаудың жарқын мысалына айналды. Бұл фестивал ат спорты, аңшылық, саятшылық және ұлттық ойындардың ұмыт қалған мәдениетін қайта жаңғыртуға бағытталған.

Шығыс Салбұрынның діттеген мақсаты - қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін және ұлттық спорт түрлерін жастар арасында таныту, дәріптеу болғандықтан Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері де өңірдегі ұлттық шарадан қалыс қалған жоқ. Фестиваль аясында ұлттық ат ойындары, бүркітшілер жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлері өткізілді. Сонымен қатар, келушілерге қазақтың әуезді әндері мен билері паш етілді.

Фестивалдің өткізілген орны ретінде Шығыс Қазақстанның әсем табиғаты таңдалды. Өскеменнің шетінде орналасқан Ұлан ауданы Бозанбай ауылының «Бүркіт төбе» алаңында 20 дан астам киіз үйлер тігілді. Атақты тау етектері мен кең далада ұйымдастырылған шара келушілерге ұлтымыздың дархан көңілін білдіріп тұрғандай болды, ерекше қазақы нақыштағы атмосфераға бөледі.

Шығыс Салбұрында өткізілген негізгі шаралар мынадай болды:

Ат жарыстары - ұлттық ат спортының әр түрлі түрлері, соның ішінде жарыс, бәйге, және көкпар. Сонымен қатар ұлтымыздың айнымас бөлігі бүркітшілер жарысы - бүркіт ұстайтын шеберлердің өнері мен шеберлігі сыналды. Ұлттық тағамдар көрмесі - қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, келушілерге дәм татуға мүмкіндік берілді. Қонақтар қазақтың дәстүрлі өнері мен қолөнерінің түрлі көрмелерін тамашалап, сырмақ жасау, кесте тігу және ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Сонымен қатар келушілерге ұлттық спорт түрлерінің тарихы мен ерекшеліктері туралы ақпарат берілді.

Шығыс Салбұрын - 2024 фестивалі қазақ мәдениетін жаңғыртып, ұлттық спорт түрлерін танытуда маңызды рөл атқарды. Бұл шара жастардың қызығушылығын оятып, дәстүрімізді дамытуға серпін берді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп өткізілуі келешекте де дәстүрлі спорт түрлерінің дамуына және қазақ мәдениетінің насихатталуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.