Мамыр айының соңында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да болып, ШҚО азаматтарымен жолыққан болатын.

Бағдат Батырбекұлы жиын барысында барлық қатысушылардың сұрақтарына тікелей жауап берді. Айта кету керек, тек аудитория шеңберінде емес түрлі облыстардан, өңірлерден де сауалдар қойылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті, Виртуалды және толықтырылған нақтылық саласындағы технологиялар құзіреті және трансфері орталығының технигі Молдақанов Мадияр Сұңғатұлы министрге «Цифрлық даму бойынша командаңызға қалай қосылуға болады?» деген сұрақ қойды.

Бағдат Батырбекұлы «командаға қосылу екінші курс студентіне әлі ерте екенін ескертіп, министрлікке тағылымдамадан өтуге шақыратынын» айтты.

Байланыс нөмірлерімен алмаса отырып, Мадияр Молдақанов Астана қаласына сапарға дайындалды.

«Мені жылы шыраймен қарсы алды және цифрлық даму министрлігіне бару мен үшін жаңа тәжірибе болды. Тағылымдама барысында аудит бөлімімен, даму бөлімінің жұмысымен таныстым. IT мектептерімен байланыс орнатып, құжаттармен жұмыс істедім, даму бөлімінің жұмысына қатыстым, статистикалық жұмыстар жүргіздім және есептер бердім», - дейді Мадияр Сұңғатұлы. - Мұндай ерекше мүмкіндікті ШҚТУ арқылы жүзеге асыра алғанымды кейін түсіндім.

Мадияр Молдақанов кез-келген сәтте мүмкіндік тууы ықтимал екенін, жеке қабілетті дамыту барысында сәттілік жетелеп әкететініне көз жеткізгенін айтады. «Кәсіби шыңды бағындыруда бүгінгі оқиға өзгелерді де шабыттандыруы мүмкін екенін» мәлімдейді.