Елімізде Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойы - 14-23 наурыз аралығында тойланады. Бұл онкүндік «Наурызнама» деп аталады. «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген «Қайырымдылық» күнін ерекше атап өтті. Бұл айда адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, қайырымдылық көрсетеді. Бір-бірімізге көрсеткен жанашырлық пен қамқорлық елдің ырысын арттырады. Ауызашар уақытында студенттер құрма мен су таратып, ораза ұстаған жандарға ықылас пен ілтипат көрсету арқылы жүректерге жылу сыйлады.
Сонымен қатар, атаулы күннің қарсаңында ШҚТУ қызметкерлері мен студенттері «Ана Үйі» ресурстық орталығында болып қайтты. Онда қазір алты ана мен бес бала тұрады. Бұл ұйым 10 жылдан астам уақыт бойы қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге көмектесіп, оларға психологиялық, құқықтық және моральдық қолдау көрсетіп, жас қыздармен кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп келе жатыр. Университет қызметкерлері мен студенттері азық-түлік себеттерін, гигиена құралдарын, жеміс-жидектер апарып, көңілдерін аулап қайтты.
Қайырымдылық - ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Наурызды мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, оның қадірін арттыру аса маңызды екені рас.