Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да Басқарма төрағасы-ректор Сауле Рахметуллинаның төрағалығымен Басқарма отырысы өтті. Іс-шараға проректорлар, декандар, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер мен құзыреттілік орталықтарының басшылары қатысты.

Отырысты Ақпараттық технологиялар департаментінің цифрлық офицері Наталья Денисованың студенттер мен қызметкерлерге арналған цифрлық өнімдер мен жаңа сервистер туралы баяндамасы ашты. Ол SuperApp қосымшасы, пайдаланушы тәжірибесін жақсарту үшін жүргізілген сауалнама және тестілеу туралы айтып, университет пен колледждің білім беру порталдарындағы жаңа сервистер, ШҚТУ сайтының SEO-ілгерілеуі, сервер бөлмесіне жаңа жабдықтарды орнату және академиялық процеске жасанды интеллектті енгізу жоспарларымен бөлісті.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Арайлы Сарсембаева Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламасы аясында ағылшын тілін оқыту бойынша есеп беріп, бұл бағдарламаның студенттер мен оқытушылардың құзыреттіліктерін нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.

Академиялық қызмет департаментінің директоры Жанат Идришева және ғылыми-зерттеу жобаларын қолдау офисінің басшысы Оксана Денисова магистранттар мен докторанттарды қабылдау бойынша апта сайынғы егжей-тегжейлі есептерін ұсынды. Сондай-ақ университеттің ғылыми ортаға жас зерттеушілерді тартуға бағытталған келесі оқу жылдарындағы қабылдау жоспарлары айтылды.

Университеттің қыркүйек және қазан айларындағы кәсіби бағдар жұмыстары туралы ақпараттық саясат және медиакоммуникация орталығының жобалар менеджері Айнагүл Құрманғалиева баяндады. Ол аймақтағы мектеп оқушылары және колледж студенттерімен өткізілген кездесулер мен ШҚТУ-дың білім беру бағдарламаларын насихаттауға бағытталған жоспарланған іс-шаралар туралы айтты.