Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ диплом табыстау салтанатты рәсімі ұйымдастырылды. Бұл - түлектердің университетте алған білімдерін іске жарататын, нағыз саналы, ересек өмірге есік ашатын көптен күткен айрықша сәт.
«Казцинк» компаниясының 14 түлегіне және «ШҚТУ 100 үздік студенті - болашақтың кристалдары» сайысының жеңімпаздарына дипломдар табысталды. Олар жиылған қауымның лайықты мойындауы мен құттықтауларына ие болды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн байланыста түлектермен видео арқылы жүздесіп, құттықтады. Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы-Ректор Сәуле Рахметуллина, «Казцинк» ЖШС директорының жөндеу бағытындағы орынбасары Игорь Войнов және Д.Серікбаев университетінің басқарма мүшесі - академиялық мәселелер бойынша проректоры Жадыра Қоңырбаева іс-шараға қатысып, түлектерге жылы лебіздерін арнады.
Айта кету керек, «Казцинк» компаниясы университеттің ұзақмерзімді әрі сенімді серіктесі болып табылады. 2011 жылы өз жұмысын бастаған арнайы ортақ жоба бар, оның мәні - «Казцинк» өндірістік кәсіпорнында ШҚТУ филиалының істеп тұрғандығы. Бұл жағдай студенттерге тек теориялық білім алып қана қоймай, оқи жүре, іс жүзінде тәжірибесін шыңдай беруге мүмкіндік береді. Студенттер өздерінің болашақ жұмыс орнымен іштей танысып, шәкіртақы алып оқиды.
«ШҚТУ 100 үздік студенті - болашақтың кристалдары» өз кезегінде, үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан сайыс. Ол студенттердің университет тынысына белсендірек қатысуын және спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттері бар студенттерді қолдауға арналған бірегей жоба. Бұл дода ШҚТУ ең дарынды деген жүзден жүйрік студенттерін анықтауға да септігін тигізуде.
Сайыс жеңімпаздары білімдерінің басты айғағы - дипломдарын алды, сонымен қатар, EKTU таңбашалары мен 45 000 тг көлеміндегі бір реттік сыйлық табыс етілді. Марапаттау 5 санатта өтті: оқу әрекеті, ғылыми қызмет, қоғамдық қызмет, спорттық белсенділік және мәдени-шығармашылық қызмет.
Барша түлектерді құттықтаймыз және алдағы мансап жолында тек табыс тілейміз!