Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №1 жатақханасы ауласында ашық спорт алаңының құрылысы басталды. Енді университет аумағынан алыстамай спортпен шұғылдану мүмкіндігі бар.
Алаң бірнеше бөліктен тұрады. Теннистік корт, мини-футбол алаңы және волейбол, баскетбол аймақтары жеке-жеке бөлінген. Бұдан бөлек, воркаут алаңдары, ерлер мен әйелдердің киім ауыстыратын бөлмелері, төрешілер мен медицина кабинкалары, спортшылар мен көрермендерге арналған демалыс орындықтары пайда болады.
Жоба «Қазмырыш» ЖШС демеушілік қолдауымен жүзеге асырылуда. Көзделген мақсатты іске асыру үшін ел кәсіпорны 53 млн теңге бөлді. «Байсұлу» ЖШС мердігер ұйым өкілі Асылбек Аманбековтың айтуынша, қазір алаңның орны дайындалып жатса, жуықта мамандар құрылыс жұмыстарына кіріседі.
Айта кету керек, «Қазмырыш» ЖШС ШҚТУ-дың тұрақты серіктесі болып табылады. Жастарға арналған көптеген іс-шаралар компания демеушілігімен ұйымдастырылады.