Денсаулық және спорт орталығы тренерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған командалық шахмат сайысын ұйымдастырды. Бұл спорттық шара ШҚТУ шахмат клубында өтті. Сайысқа түрлі білім ордаларынан 7 команда қатысып, өзара күш сынасты.

Шараға Жер туралы ғылымдар мектебі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мектебі, архитектура, құрылыс және энергетика мектебі, бизнес мектебі, халықаралық инженерлік мектеп, Foundation және Жоғары IT колледжінің студенттері қатысты.

Әр құрама командада 3 ұл және 1 қыз ойыншы болды. Сайыс халықаралық шахмат ережелеріне сәйкес жүргізілді, ойыншыларға әр партияға 10 минуттан уақыт берілді.

Сайыстың бас төрешісі болып ДжСО аға жаттықтырушысы, шахмат жаттықтырушысы Г.В. Сычева тағайындалды.

Командалық есеп бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер келесідей анықталды: жүлделі орынды Архитектура, құрылыс және энергетика мектебінің оқушылары қанжығаларына байлады. Екінші орын иегерлері Жоғары IT колледжінің ойыншылары болды. Қола жүлдені Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мектебінің командасы иеленді. Ойын қызу тартысты өтті, әр команда өздерінің бірінші орынға лайықты екенін көрсете білді. Алайда бәйгеде оза шапқандар ғана бірінші орынға шықты. Жеңіс түғырынан көрінген жеңімпаздарды және жүлдегерлерді тағы бір мәрте құттықтаймыз!