Қазақ елінің тәуелсіздігін алу жолындағы алғашқы қадам болған 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігін ұмыту бүгінде мүмкін емес. Содан бері 38 жыл өтсе де жан жарасы әлі жазылмаған қаншама желтоқсаншылар арамызда жүргенін кейбіреуіміз байқамаймыз. Сол кезде қаншама жас, қыршын кетті, түрмеге жабылып, тағдырларына балта шабылды. Бостандыққа шыққан соң да, оларға қалыпты өмірге араласу қиынға соқты.

Ағымдағы жылдың 2 желтоқсаны күні, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесуге қатысты. Қанды оқиғаның куәгерлері болған, сол кезде Алматы қаласының ЖОО студенттері Камалиев Бекжан, Шақаев Өміржан, Абдугалиева Гүлжан сынды аға-апайларымыз жүрек тебірентерлік естеліктермен бөлісіп, өмір жолдарынан сыр шертіп, студенттерге үлкен ой салды, ерекше әсерге бөледі.

Өз сөзінде Гүлжан Юсупханқызы, 1986 жылғы желтоқсанның 17-і күні Алматыда қазақ жастарының, «Қазақ елін Қазақстандық азамат басқарсын!» деген ұранды ту етіп алаңға жиналғандарды өз көзімен көргенін айтып өтті. Кеңестік идеологияны құрмет тұтқан, үлгілі отбасынан шыққан жас қыз, сол кездегі алаңға шыққан басқа да қазақ жастары сияқты, неге, Мәскеудегі орталық, халық пікірімен санаспастан, Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындады деген бір ғана сұрақ мазалаған.

17-і күні алаңға шыққан Камалиев Бекжан 10 жылға сотталып, бүкіл жастық шағының құрдымға кеткеніне өкінгенмен, нәтижесінде еліміз өз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекеттің құрылуына өз үлесінің бар екенін есіне алып, жүрегі жай табатындығын айтып өтті.

Желтоқсаншылар жастарды, «Қазір, білім мен ғылымның дамыған заманы, бүгінгі жастар білектің күшіне емес, білімнің күшіне сенулері қажет» деп, Қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосуға, болашаққа айқын бағдар жасауға және дұрыс мақсат қоя білуге шақырды.