Елдің ЖОО студенттері кіл мықтыдан кім мықты екенін анықтау үші үш күн бойы сайысты. Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімінен соң спортшылар шаңғымен жарыс жолына шықты. Қыздар 3 км, ұлдар 5 км қашықтыққа жүгірді. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің спортшы қыздары 181 ұпай жинап, командалық есепте 1 орынға табан тіреді. Жігіттер арасында 112 ұпай жинап, Е.А. Бөкетов атындағы КарМУ шаңғышылары топ жарды.

Универсиаданың екінші күні Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жалғасты. Ұлдар белтемірге тартылды. Күш гимнастикасының бұл жаттығуын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ұлдары мүлтіксіз орындады. Қоржындарына 298 ұпай салды. Қыздар қолды жерге тіреп, бүгіп жазды. Е.А. Бөкетов атындағы КарМУ студенттеріне тең ешкім болмады. 285 ұпай жинады.

Бүгін спортшылар оқ атудан бақтарын санады. Ерлер арасында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері 332 ұпай жинап, жоғары шеберлікті көрсетсе, әйелдер арасында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ спортышлары дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Команда қоржынына 340 ұпай қосты.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған VIII қысқы Қазақстан универсиадасының қорытындысы бойынша қыздар командалары арасында 1 орын - С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, 2 орын - Е.А. Бөкетов атындағы КарМУ, 3 орын - Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ студенттеріне бұйырды.

Ерлер командалары арасында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері топ жарды. 2 орынды Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ спортшылары иеленсе, жеңімпаздар үштігін С. Аманжолов атындағы ШҚМУ спортшылары түйіндеді.

Қатысушаларды жоғары деңгейде дайындаған жаттықтырушылар марапатталды.

Бренд кеңсе