Бүгін ШҚТУ Басқарма Төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина университеттің серіктесі болып табылатын Allur автокөлік зауытын аралады.
Allur автокөлік зауыты Қазақстан автокөлік өнеркәсібінің флагманы болып саналады. Бұл елдегі барлық түрдегі автотранспорт құралдарын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өнім портфелі JAC, Chevrolet, Kia, Jetour, Hongqi және Skoda брендтерін қамтиды. Заманауи жабдықтарды, оның ішінде роботтандырылған жүйелерді қолдану арқасында өнімдері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ университетінің студенттері СарыаркаАвтоПром автокөлік зауытында дуалды оқытуды өтуде. Бағдарламаға «Транспорт, транспорттық техника мен технологиялар», «Механика және металды өңдеу», «Көлік тасымалдарын ұйымдастыру, қозғалыс және көлік құралдарын пайдалану» мамандықтарының 3-4 курс студенттері қатысуда. СарыаркаАвтоПром базасында студенттер өндірістің әртүрлі аспектілерін - конвейерлік жинақтан бастап сапаны бақылау мен өндірістік процестерді басқаруға дейін зерттеуде.
Біздің серіктесіміз Allur студенттердің барлық шығындарын өз мойнына алды, соның ішінде жатақхана, тамақтану және қосымша 250 000 теңге көлемінде жалақы төленеді. Бұл өндіріс тарапынан жастарға үлкен қолдау болып табылады. ШҚТУ Басқарма Төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина зауыттағы экскурсия кезінде студенттермен кездесті.
Зауытта ректор автомобильдің өмірлік циклі цехымен танысып, үлкен және кіші түйіндерді жинақтау процесімен танысты.
Сонымен қатар, Сәуле Рахметуллина зауыт басшылығымен кездесіп, кәсіпорын қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды даярлау жүйесін тиімді енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Лу Бань шеберханасы базасында зауыт қызметкерлерінің мансаптық және кәсіби даму жобалары мен университеттің профессор-оқытушылар құрамының зауыттың өндірістік алаңдарында және Allur корпоративтік университетінде мүмкін болатын тағылымдамалары қарастырылды.
Кездесу барысында университет базасында Allur брендінің алғашқы кабинетін ашу мүмкіндігі талқыланды, бұл компанияның беделін арттырып, шығарылатын көлік маркаларына деген сенімділікті күшейтіп, Қазақстанның шығысында Allur-дың тікелей жарнамасы болар еді.
Корпоративтік университеттің басшысы Людмила Юрьевна Олкинянға «Вестник ВКТУ имени Д. Серикбаева» ғылыми журналында компанияның перспективалы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының жариялануына шақыру сертификаты табысталды. Бұл университеттің профессор-оқытушылар құрамымен бірлесіп, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінде ғылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Білім беру мекемелерімен ынтымақтастық мәселесін жалғастыра отырып, Allur зауытының өкілдері Қостанай көлік колледжіне жасаған қамқорлық тәжірибесімен бөлісіп, компанияның қолдауымен колледжде құрылған Кәсіби құзыреттілік орталығын көрсетті.
Кездесу барысында ШҚТУ ректоры Сауле Рахметуллина мен Allur зауытының басқарушы директоры Елена Завьялова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл кездесу Қазақстандағы индустрия мен білім беру саласындағы серіктестік қатынастардың дамуына деген тағы бір қадам болды.