Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебі ұйымдастырған РобоМастер облыстық олимпиадасы  зор жетістікпен аяқталды. Бұл шара облысымыздың 9-11 сынып оқушылары арасында өтетін шығармашылық пен интеллект сынағы ретінде танылды. Олимпиадаға қатысушылар күрделі тапсырмалар мен ерекше мәселелерді шешу арқылы өздерінің білімдерін, дағдыларын және шығармашылық әлеуеттерін паш етті.

Олимпиаданың ауқымы мен күрделілігі қатысушыларға тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар ойлау қабілетін, шығармашылық дағдыларын да дамытуға мүмкіндік берді. Тапсырмалар схемаларды жобалаудан бастап бағдарламалауға дейінгі түрлі бағыттарды қамтып, жастардың санасына жаңа шекаралар қосты. Осылайша, қатысушылар өздерінің сараптау қабілеттерін және жаңа идеялар ұсыну дағдыларын шыңдады.

Қатысушылар арасындағы білім сайысын жоғары деңгейде ұйымдастыру қатысушылардың да қызығушылығын арттырып, жарыс барысында стандартты емес шешімдер мен шығармашылық ойлауды талап етеді. Тартысты бәсекенің нәтижесінде жүлдегерлер анықталды. Бірінші орынды Первомайский кешені Д. М. Карбышев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Ярков Игорь жеңіп алды. Екінші орынды Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандарылған мектеп лицей интернатының 11 сынып оқушысы Қуанғанұлы Отанбек иеленсе, үшінші орынды сол мектептің 11 сынып оқушысы Бергенбек Азамат қанжығасына байлады.

Барлық қатысушыларға дипломдар, естелік сыйлықтар және олардың қатысуы мен жетістіктерін растайтын сертификаттар табыс етілді. Бұл олимпиада жас дарындардың болашағына үлкен жол ашып, оларды ғылым мен технология әлемінде өз орындарын табуға ынталандырды.

Жеңімпаздарды және барлық қатысушыларды құттықтай отырып, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ұжымы болашақта осы дарындардың қатарын өз студенттері ретінде көретінін атап өтті. Электроника мен робототехника әлемінде одан әрі жетістіктерге жетіп, жаңа белестерді бағындыру үшін әлі де көптеген мүмкіндіктер мен сынақтар күтіп тұр.