Бразилияның Сан-Паулу университетінде UI GreenMetric World University Rankings 2024 халықаралық рейтингісінің қорытындылары жарияланып, қатысушылар марапатталды. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әлемдік білім беру аренасында Қазақстанның абыройын тағы бір мәрте асқақтатып, 1477 университеттің ішінде 97-орынды иеленді.
Бұл – ШҚТУ-дың аталған беделді экологиялық рейтингке бесінші рет қатысуы, және биылғы нәтижелер университеттің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 294 университетке артқанына қарамастан, ШҚТУ өз позициясын 3 сатыға жақсартты.
Сондай-ақ, ШҚТУ Қазақстанда көшбасшылық позициясын тағы да дәлелдеді. Рейтингке енген 28 отандық университеттің ішінде біздің университет бірінші орынды иеленді. Биыл Қазақстаннан 10 жаңа университет UI GreenMetric рейтингіне қосылғанын атап өткен жөн. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының экология мен тұрақты даму мәселелеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, ШҚТУ ТМД елдері университеттері арасында үшінші орнын сақтап, Азия елдері жоғары оқу орындары арасында тұрақты позицияда қалды, дегенмен бәсекелестік күшейе түсті (Азиядан қатысушылар саны 181 университетке артты).
UI GreenMetric рейтингіндегі позициялар көптеген факторларға байланысты, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын университет өмірінің барлық саласына енгізу жұмыстары ерекше рөл атқарады. ШҚТУ жетістігіне ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыс негіз болды:
- ішкі және сыртқы инфрақұрылымды жақсарту,
- ресурстар мен энергияны үнемдеуді енгізу,
- зерттеу және білім беру шараларын белсенді ұйымдастыру,
- кампустың экологиялық деңгейін арттырып, тұрақты даму қағидаттарын қоғам мен білім беру саласында насихаттау.
ШҚТУ-дың бұл жетістігі – ұжымның, студенттер мен университет әкімшілігінің ортақ еңбегінің нәтижесі. GreenMetric рейтингіне қатысу университеттің жаһандық деңгейдегі жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ тұрақты дамуды қазіргі заманғы білім берудің негізгі мақсаты ретінде көрсетеді.