Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасындағы ІТ орталығының жас мамандарымен жолықты. Халықаралық коалиция өкілдері Мәулен Әшімбаев, Ақжол партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев университет мүмкіндіктерімен танысты.

«Киберспорт және білімді геймификациялау» оқу зертханасының мамандары жоғары лауазымды қонақтарға өз жобаларын таныстырды. ІТ мамандар өз жобаларының алуан түрлілігімен тәнті етті. Төтенше жағдайдың алдын алу, ғылыми тестілеу, археологиялық мұраларды цифрландыру және олардың жұмыстарын жеңілдету бағытында іс жүргізуде. Google өкілі, орталық инженері Давид Лискунович жоғары оқу орнына түсу, білім алу үрдістерін жеңілдететін жобасын ұсынды.

Республикалық қоғамдық штаб өкілдері мамандар жұмысына оң баға беріп, тек ІТ емес, елдің техникалық бағытындағы өзгерістер, жоспарлары мен болашаққа бағдары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлау бағдарламасында IT саласында қызмет ететін 150 000 (жүз елу мың) маман дайындау, 2 мыңнан астам жаңа IT-компаниялар ашылады деген болжам келтірген. Ірі халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіріп, цифрлық аймақтық хабқа айналу жоспарда бар. Д. Серікбаев атындағы «Киберспорт және білімді геймификациялау» оқу зертханасы осы міндетті жүзеге асыру үшін құрылған технологиялық кластер.

Республикалық қоғамдық штаб сайлауда жастардың қолдауы, сенім артуы және сайлауға белсенді қатысуы ерекше маңызға ие екенін айтты. Жаңа Қазақстандағы өзгерістердің алдыңғы шебінде де жастардың рөлі басым. Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасының дені ең алдымен жастарға бағытталғанын айтты.

Бейресми, еркін әңгіме форматында өткен кездесу соңында ІТ мамандары жеке сұрақтарын қойып, жауап алды. Мамандар бұл саланың тек қалада емес, ауылды өңірлерде де дамып, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы сұрады. Сол сияқты,соңғы жылдары белең алып отырған криптовалюта мәселелері туралы әңгіме өрбіді.