Д. Серікбаев атындыға ШҚТУ-дың оқытушылары мен студенттері үшін көктемнің алғашқы күні "рақмет" сөзімен басталады. Еліміздің тұтастығын құрайтын әрбір этностың ұлттық киімін киген студенттер жиналғандарға құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді. Сәні мен салтанаты жарасқан мерекеде университет ректоры Сәуле Жәдігерқызы ізгі тілегін білдіріп, бүгінгі күннің маңызын атап өтті. Алғыс күні мерекелеудің символдық дәмі ретінде - құрт таратылды. «Сиқырлы қобдишадағы» сиқырлы сөздер мен тілектер оқытушылар мен студенттерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Университетіміздің 22-БЭ-1 тобының студенті Рапотина Дарья мереке ең алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту күні деп санайды. Ол қазақ елінде тұратын барлық этностар қазақ халқына шексіз риза екенін жеткізді.
Рапотина Дарья: Алғыс айту күні - ортақ тарихымызға көрсетілген құрмет. Қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Бұл мереке мен үшін ең алдымен, қазақ жеріне, қазақ халқына шексіз алғыс айту мүмкіндігі және сонымен қатар оқу орнымыздың оқытушыларына да алғыс білдіремін.
Алғыс айту күнін мерекелеу аясында әртүрлі форматта іс-шаралар өткізілді:
Алғыс айту күніне арналған «Тарих ғибраты» ашық дәрісі
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы алғыс айту күні «Тарих ғибраты» ашық дәрісімен жалғасты. Студенттерге Жанар Аманғалиқызы Садвакасова Алғыс айту күнінің тарихы мен мақсатын кеңінен таныстырып, дәріс оқыды. Дәріс соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Жанар Аманғалиқызы: Бүгін - Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Біз осы күнді кешегі ауыр тарихты еске ала отырып, бүгінгі береке-бірліктің маңызын түсініп, қадірін білетін күн ретінде қарастыруымыз қажет. Ашық дәрісте студенттерге бүгінгі мерекенің тарихы мен тағылымы кеңінен түсіндірілді деп ойлаймын.
«Қарттарға мың алғыс» қайырымдылық концерті
Алғыс айту күні университет ұжымы қарттарымызды да ұмытпады. «Үміт» волонтерлер тобының бастамасымен «Қарттарға мың алғыс» қайырымдылық концертін ұйымдастарды. Еріктілер қаламыздағы «Қамқор» қарттар үйіне арнайы барып, қарияларды мерекемен құттықтап, мерекелік дастарқан жайды. Студенттер қазақ және орыстың дәстүрлі әндерін бірінен соң бірін құйқылжыта шырқады, күй де тартылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ардагерлер Кеңесі төрағасы Сергиенко Любвоь Спиридонова қарттарымызға «Анашым» әнін арнады. Жастарымыздың талабы мен талантына куә болған қарттар еріктілерге алғыс айтып, қошемет көрсетті.
Аяна - «Үміт» волонтерлік тобының мүшесі: Біз алғыс айту мерекесінде қарттарымызға деген алғысымыз бен құрметімізді ерекше ілтипатпен танытуға тырысамыз. Біздер үшін әр салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған көнекөз қарияларымыздың орны ерекше.
Алғыс айту мерекесіне қатысты «Қамқор» қарттар үйінің қариялары да өз ықыластарын білдірді.
Гуделина Лидия Олексеевна: Ризашылық пен алғыс айту күнінде ерекше көңіл-күй сыйлаған жастарымызға алғысым шексіз. Бұл мереке - бір-бірімізге құрмет көрсететіп, ортақ тарихымызды ұлықтауға үндейді. Қазақ халқының мейірімділігінің арқасында бүгінде Қазақстанда қаншама ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Барлығын осы мерекемен құттықтап, барлығыңызға алғымсымды айтқым келеді.
Сонымен қатар, университет студенттері этностардың Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні аясында атқарылатын мерекелік іс-шараларға қатысады. Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Теаtr -All» жастар театрының ұйымдастыруымен «Жұт» қойылымының көрсетіліміне және «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік концертке барады.
Осылайша Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен алғыс айту күні түрлі мәдениет пен патриотизмнің мерекесіне айналды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ баршаңызды Алғыс айту күнімен құттықтайды. Бірлігіміз бекем, іргеміз берік, рухымыз биік, елдігіміз мәңгілік болсын!