Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттерімен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беру, оларды полиция қызметімен таныстыру және осы салада қызмет етуге ынталандыру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта тәрбие және кадр жұмысы басқармасының қызметкерлері жаңа форматтағы кездесу ұйымдастырды. Кездесуге университет оқытушылары мен 150-ден аса студент қатысты.
Кездесудің басты мақсаты - жастарға полиция қызметінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын таныстыру, сондай-ақ, ІІО-на қызметке орналасу және Қазақстан Республикасының ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу жөнінде маңызды ақпарат беру болды. Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ә.Мұратханова студенттермен кездесу барысында полиция қызметіне қабылдау тәртібі, қызметтің әлеуметтік пакеті туралы сөз қозғап, арнайы дайындалған бейнероликтер мен слайдтар арқылы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Айта кетсек, ШҚТУ 2020 жылғы түлегі, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонында инспектор болып қызмет атқарып жүрген полиция аға лейтенанты Қалиқан Әсет Ержанұлы жастармен қызығы мен шыжығы мол жұмысы жайлы бөлісті. Ол студенттерге өз қызметі мен университеттегі тәжірибесі жайлы айтып, ұстаздарына деген алғысын білдірді. Әсет Ержанұлы жастарға полиция қызметіне түсу жолындағы қиындықтар мен жетістіктері жайында шынайы әңгімелеп, оларды болашақ мамандық таңдауда табыс тіледі.
ШҚТУ студенттерімен сергіту мақсатында сұрақ-жауап түріндегі ойын өткізілді. Ойынға қатысқан барлық студенттерге кішігірім сыйлықтар табысталып, ең басты жүлде ретінде «Осы жол сенен басталсын! Отбасыңдағы ең бірінші полицей бол» деген жазуы бар арнайы сыйлық ұсынылды.
Сонымен қатар, департаменттің музыкалық өнер ұжымдары - инструментальдық ансамбль мен вокалдық ансамбль өнер көрсетті. Олардың орындауындағы «Адай» күйі мен патриоттық әндер студенттердің бойында елжандылық сезімдерін оятып, ерекше көңіл күй сыйлады.
Бұл іс-шара жастарға полиция қызметі жайлы пайдалы ақпарат алуға және болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауға септігін тигізді. Жастардың полиция қатарынан болашақта білікті мамандар болып шығарына күмән жоқ. ШҚО ПД мен ШҚТУ осы бағыттағы жұмысын алдағы уақытта да жалғастырып, жастарды болашақ қызметке баулуда белсенді атсалысатын болады.