Өткен жылдан бастап, жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз. Өткен жылы жоба бойынша 2050 жас оқуға түссе, биыл «Серпінге» бөлінген грант 3 есеге өсіп, 6200-ге жетті. Олардың 5 мыңы тек жоғары оқу орындарының гранттары. Демек, биыл «Серпін-2050» жобасы қанатын кеңге жайдыдеген сөз. Алайда, қалың көпшіліктің көкейінде әліде бір қатар сауалдар жоқ емес. Олар, әсіресе, жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, білім гранттарының қалай бөлінетіндігі төңірегінде болып отыр. Сол себепті біз, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы- Мұрат Әбенов мырзамен сұхбаттасып, оқырмандардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алған едік.

Мұрат Абудуламитұлы, «Серпін-2050» жобасының қысқаша мағынасын айтып кетсеңіз?

Мұрат Әбенов: Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі- экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көші-қону басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялы инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айырықша байқалады. «Серпін-2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу. Екінші маңызы-әлеуметтік проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі өте жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталмыш өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға жоғарыда аталған 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпінің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасуға мүмкіншілік жасалады.

 

«Серпін» жобасының алғашқы жылдағы нәтижесі қандай болды?

Мұрат Әбенов: Былтыр жоба бойынша жалпы саны 2050 грант бөлінсе, жобаға қатысуға 10 мыңнан астам азамат өтініш білдірді. Яғни, әр орынды иелену үшін 5 адам бәсекеге түсті. Бұл өте жоғарғы көрсеткіш. Мысалы, Республика бойынша жалпы конкурста әр орынға 2 адамнан келген еді. Жобаға өткен жылы Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары айырықша белсенді қатысты. Былтыр бөлінген 2050 білім грантының ең көп бөлігін Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленді- 837 грант, ал Қызылорда облысының түлектері 778 грант иеленді. Өкінішке орай, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында белсенділік төмен болды. Мысалы, Жамбыл облысынан 174 адам, Маңғыстаудан 92 адам, Алматы облысынан 146 азамат қана жоба арқылы оқуға мүмкіншілік алды. Биыл жобаның маңыздылығын ескере отырып облыс әкімдері «Серпінге» жастардың көбірек қатысуы үшін арнайы шаралар ұйымдастыруды қолға алды. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің тікелей қолдауымен «Серпін апталығын» ұйымдастыру арқылы барлық аудандарда жобаға қатысатын оқу орындарының өкілдерінің кездесуі өткізілді. Бұл өте тиімді және нәтижелі шара болды. Көптеген жастар оқу орындарын таңдауға мүмкіншілік болды. Ал, колледждерге бірден құжат тапсырып, конкурстан өтіп, бірқатар жастар оқуға қабылданды. Бұл шараны ұйымдастыруға қолғабыс жасағаны үшін жергілікті әкімдерге, алғысымызды білдіреміз.

 

«Серпін-2050» жобасы бойынша оқитындар мен жалпы білім беру гранттарын иеленгендердің арасындағы ұқсастық пен айырмашылық неде?

Мұрат Әбенов: Ұқсастық-жоғары білім грантын иеленгендердің шәкіртақымен, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындарының өтелуінде. Ал айырмашылығы - «Серпінмен» оқуға түскен жағдайда қосымша екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Жалпы грантпен оқу түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінІң әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бар.

Жоғар оқу орыны болсын, колледж болсын жоба бойынша жастарға дуальді білім беру, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып, тәжірибелерді сол мекемелерде өту арқылы келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған. Нәтижесінде оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар, оқу бітірген соң солжерге оңай жұмысқа орналасып, ортаға тез сіңісіп кетеді. Сонымен қатар, «Серпін-2050» жобасы бойынша жоғары оқу орыны мен колледждерге түскен жастарға аранйы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша оқып жүрген барлық жастар арнайы құрылған «Серпін» әлеуметтік ұлттық қорының белсенділері болып табылады. Басты мақсат оларды біріктіру, жеке қасиеттерін дамыту, дәстүрлі ұлттық тәрбиемен қатар нарықтық заман талаптарына сай келетін қасиеттерін қалыптастыру. Осы мақсатта жылына екі рет республикалық деңгейде, барлық аймақтарда «Аламан» фестивалі өткізіледі. Көшбасшылар лагері, жазғы құрылыс отрядтары ұйымдастырылып, бос уақыттарында жұмыс істеп, қаржы табу мәселесі қарастырылған. Бұл жастар қазір өздерін «Серпіндіктерміз!» деп мақтанышпен айтады. Бұл да біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі.

 

«Серпін-2050» жобасы бойынша жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар мен жалпы білім беру гранттарын бөлу конкурстарының ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

Мұрат Әбенов: Ұқсастығы - екеуінің де бір уақытта құжаттар қабылданып, жалпыға ортақ төрт оқу орынында, төрт мамандық таңдаудың мүмкіншілігін беретін бір үлгідегі бланк толтырылады. Жалпы конкурс гранттары болса да, арнайы «Серпін» гранттары бола да, екеуінің қосындысы сол төрт таңдаудан аспауы керек. Конкурс нәтижесі мемлекеттік комиссиямен бір кезеңде қаралады және қорытынды шешім республикалық газеттерде бірге жарияланады. Ал, айырмашылығы - жалпы конкурсқа 16 облыстың түлектері қатысса, «Серпін» бойынша тек 5 өңірдің жастары арасында бәсекелестік болады. Алайда, келесі талаптарды ескеру қажет: «Серпін-2050» жобасына қатысатын әр оқу орынында (19 университет) тек шектеулі мамандықтарға арнайы грант бөлінген және жобаның талаптары тек сол мамандықтарға ғана жүреді. Бұл оқу орындарындағы басқа мамандықтарына жалпы конкуср арқылы қатысып, грант иеленуге болады. Бірақ, оларға «Серпін-2050» жобасының жеңілдіктері қарастырылмаған. Өздеріңіз байқағандай, «Серпінмен» тапсырған түлектердің грант алу мүмкіндігі ерекше болады.

 

«Серпін-2050» жобасы бойынша өткен жылы ұсынылған мамандықтар мен биылғы мамандықтардың арасында айырмашылық қандай?

Мұрат Әбенов: Былтыр 7 жоғарғы оқу орындарында, 19 педагогикалық мамандыққа 1050 грант бөлінген болса, биыл 19 жоғарғы оқу орындарына педагогикалық мамандықтарының 1500 грантына қоса, 3 сала бағыты бойынша: 3 мың грант - техникалық мамандықтарға, 300 грант - ауылшаруашылық, 200 грант - ветеринария саласына бөлініп отыр.

 

«Серпін-2050» жобасына кімдер қатыса алады?

Мұрат Әбенов: Серпін жобасына Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. ЖОО-на түсу үшін түлектер ҰБТ немесе кешенді тестілеуге қатысуы тиіс. ҰБТ мен кешенді тестілеуден кем дегенде, 50 баллдан кем емес және де таңдау пәнінің ұпайы кем дегенде 7 баллдан төмен болмауы тиіс.

 

«Серпін-2050» жобасы, оған қатысудың шарттары туралы ақпараттарды қайдан алуға болады?

Мұрат Әбенов: Барлық ақпараттар www.serpin-2050.kz сайтында жариялануда. Сайттың сол жағындағы «Негізгі ақпараттар» бөлімінде «Серпін-2050» жобасы туралы толық ақпараттар жарияланған сілтемелер орналасқан. Мысалы, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы» деген сілтемені ашсаңыз жобаның мақсаты, міндеттері туралы толығырақ біле аласыз. «Жобаға кімдер қатысады?» және «Серпін» жобасымен оқуға қалай түсуге болады?» деген бөлімдерінде жобаға қатысудың талаптары қарастырылған.«Жастар қандай аймақтарда білім алады?» деген сауалға жауапты «Қай өңірде оқуға болады?» деген бөлімнен оқуға болады.

Сонымен қатар, сайтта оқуға жіберуші 5 аймақ туралы ақпараттарды «Оқуға жіберуші аймақтар» айдарынан табасыз, ал «Аймақтарда құжат қабылдайтын орындар» бөлімінде толық құжат тапсыратын 5 өңірдің қабылдау бөлімінің мекен-жайлары, байланыс құралдары көрсетілген. 

«Мамандықтар» бөлімінде жобаға бөлінген ЖОО-ға бөлінген 5 мың грант бойынша 61 мамандықтың, колледждерге бөлінген 47 мамандықтың тізімі толықтай көрсетілген. Бұл мамандықтарды қалай таңдауға болатындығы туралы «Серпін» бойынша мамандықтарды таңдау» сілтемесін ашу арқылы білуге болады. Сол парақшада жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ және кешенді тестлеуде таңдалатын 7 пән бойынша бөлек сілтемелер бар. Сол сілтемелерге кіру арқылы әр сала бойынша қандай мамандық, қандай шифр бойынша, қай университетте, нақты қанша грант бөлінгендігін білуге болады. Мысалы физика бойынша төрт салада, 19 университетте 33 мамандық таңдауға болады. Оқу орындарының, мамандықтардың, жергілікті штабтардың тізімі, жіберуші және қабылдаушы аймақтар туралы ақпараттар орналасқан.

Содан кейін, ЖОО және колледждер бойынша әр мамандықтарға сараптама жасалған. 

Республикалық Үйлестіру Кеңесінің What's App қосылған байланыс жүйесі: 8 701 515 20 50. Бұқаралық ақпарат құралдарында да үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның vk.com facebook.com, instagram, twitter желілерінде «serpin-2050» аккаунттар, парақшалар да жұмыс істеп тұр. Сол парақшаларда да көптеген ақпараттар жарияланып тұрады. Барлық облыстарда облыс әкімдерінің орынбасарларының басшылығымен арнайы жұмыс топтары құрылған. Сонымен қатар, жіберуші 5 өңірде білім басқармаларының, жастар саясаты, ішкі саясат басқармаларының басшылықтарымен штабтар жұмыс атқаруда. Әр облыста қабылдаушы аймақтың өкілдері отыратын орындар белгіленген.

 

Жобаға қатысу үшін құжат тапсыру ерекшелігі қандай? «Серпінге» үміткер болу үшін «Өтініш бланкісін» қалай толтыру қажет?

Мұрат Әбенов: «Серпін-2050»жобасына және жалпы конкурсқа қатысу үшін қабылдау комиссия ұсынатын ортақ «Өтініш бланкісін» толтыру қажет.
Айырмашылығы «Серпінге» қатысатын жоғарғы оқу орындарына бөлінген нақты мамындықтарды таңдайтын болса - «Серпін-2050» жобасына қатысты деп саналады. Басқа қосымша белгілер, арнайы бланктер жоқ. Бір кезеңде әр үміткер «Өтініш бланкісінде» 4 ЖОО орын әр қайсысында бір мамандықты жаза алатының ескерү қажет. Сол себептен толтырардың алдында жоғарғы оқу орындар және солардағы 4 мамандық таңдап алу керек. Төрт мамандықта «Серпін» жобасы бойынша бөлінген грант болуы мүмкін. Дәл солай 1-і ғана, 2-і немесе 3-і «Серпін» ал қалғаны жалпы конкурсқа тапсыруға болады.

 

Жалпы мамандық, оқу орын және қай облыс таңдауды кеңес берер едіңіз?

Мұрат Әбенов: Таңдау жасап тәуекелге баратын өздеріңіз. Өйткені нақты кім грант иегер болатынын тек мемлекеттік конкурс шешеді. Дегенмен өз жеке тәжіриебемнен қалыптасқан ойымды айтайын. Ең үлкен қате түсінік - мамандықты бұрынғы қалыптасқан көзқараспен таңдау. Кәзіргі кезде әлемде 1000 астам мамандық бар. Біздің жастар және ата-аналары тек 100 жуығын біледі екен. Сол арқылы өз таңдауын шектейді. Сол мамандыңы тізімнен табылмаса, немесе грант аз бөлініп конкурстан өте алмай қалса ақылы оқуға шешім қабылдайды. Бұндай жағдайларда кейбір мамандықтын бірнеше ұқсас түрлері болу мүмкін екенін білгендері жөн. Сол себептен ең аты танымалыларына конкурс жоғары болады, танымалды еместерге керісінше аз. Мысалы компьютерді жақсы білетіндер «Информатиканы» көп таңдайды. Өткен жылы осы мамандық бойынша ең төменгісі 72 балмен грант иегері болды. Ал сол мамандыққа ұқсас бірақ атауы аз танылған «Есептеу техника және бағдарламамен қамтамассыз ету" мамандығы бойынша конкурс өте төмен болды - оған конкурсқа қатысқан талапкерлер 53 балмен ғана грант иегері атаңды. Бұл мысал жалпы конкурсқа тиісті екін ескертемін, біздің «Серпін» бойынша өткен жылы ондай төмен баллмен грант алу болған жоқ. Мамандықты дұрыс таңдамау кейбір жағдайларда ата-аналардың кателігі болып табылады. Себебі олар балаларына өз калыптасқан көзқарасы арқылы үстемдік жасап, қате шешімдерге итермелейді. Ең бастысы таңдау кезінде әр мамандық бойынша «Серпін» және жалпы конкурста бөлінген гранттар саны, өткен жылғы сол мамандық бойынша конкурс нәтижесі, әр оқу орыны бойынша ең төменгі өту шегі қандай болғаның ескерген дұрыс. Мысалы орталықтарға жақын, ірі қалаларда орналасқан оқу орындарында конкурс жоғары болып келеді. Сонымен қатар жалпы конкурста ауыл квотасы қаралғанын ұмытпаңыздар.

 

ЖОО үшін құжат тапсыру қай жерде және қай уақытта жүзеге асырылады?

Мұрат Әбенов: ҰБТжәне кешенді тестілеутапсырған талапкерлер жоғары оқу орындарына құжаттарын 23-31 шілде аралығында қабылдау комиссияларына өткізеді. Барлық 5 облыста жергілікті жердегі мемлекеттік университеттердің ғимараттарында бөлінген арнайы орындарда тапсырады.

 

Осы жоба аясындажоғары оқу орындарына таңдаулы төртінші пәнге байланысты мамандықтар арасында гранттар қалай бөлінгені жайлы айтып берсеңіз. 

Мұрат Әбенов: Жалпы, «Серпін-2050» жобасында техникалық мамандықтар мол. Ал гуманитарлық мамандықтарға грант аз бөлінгенін ескеру керек. Мысалы, төрт сала бойынша жоғары оқу орындары үшін 61 мамандықпен 5 мың грант бөлінген болса, олардың 60%яғни, 2914 гранты физика пәнін таңдағандарға арналған. Олар 29 мамандықпен 3 сала бойынша білім алады: 24-сі техникалық, 4-і білім беру, 1-і ауылшаруашылық саласына арналған. Одан кейінгі 20% орын биология пәнін таңдағандарға 1038 грант бөлінді. Олар 15 мамандықпен білім алады: 6 мамандық білім беру саласының, 6 мамандық ауылшаруашылығы, 2 мамандық ветеринария, 1 мамандық техника саласынан бөлінген. Үшінші кезекте 10% орын химия пәнін таңдағандарға бөлінді. Бұл пән бойынша 480 грант, 6 мамандық қарастырылған: 5-еуі техникалық, біреуі білім беру саласының мамандығы. Гуманитарлық бағытқа жататын қазақ әдебиеті, дүниежүзілік тарих, география, шет тілі пәндерін таңдаған талапкерлер үшін жоба бойынша ең аз грант бөлінген. 4 пән бойынша барлық ЖОО гранттарының 10% яғни, 500 ғана грант бөлінді. Әрқайсысына 1-2 мамандықтан ғана таңдауға болады. Сол себепті, тестлеу кезінде осы пәндерді төртінші пән ретінде таңдаған жастар конкурсқа құжат тапсырар кезде жан-жақты ойланғандары жөн. Өз басым бұл пәндерді таңдаған жастарға «Серпінмен» қатар жалпы конкурсқа қатысуға да кеңес берер едім. Мысалы, 1-2 мамандықты «Серпін» жобасынан, 2-3 мамандықты жобаға кірмейтін жалпы конкурстағы мамандықтардан таңдаса оқуға түсу ықтималдығы жоғары болады деп ойлаймын.

 

Мамандықта көп, салада көп жобаға қатысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Мұрат Әбенов: Бірінші кезекте, бос армандардың жетегінде кетпей, прагматик болуды ұсынар едім. Негізгісі ҰБТ-дан алған баллдарына байланысты, бұрыннан келе жатқан өз армандарыңызды көздей отыра, мемлекеттің экономикадағы қажеттіліктері және нарықтағы нақты жағдайды ескере отырып мамандық таңдау қажет деп кеңес берер едім. Қазақша айтқанда «көрпеңе қарап-көсілу» керек. Мысалы, талапкер беделді мамандықтың бірін игергісі келеді делік. Алайда, ҰБТ-дан жинаған ұпайы аса жоғары болмауы мүмкін. Ондай жағдайда оқуға түсу мүмкіндігі де төмен болады. Тіпті, оқып, мамандық алып шыққан күннің өзінде жұмыс табу да қиындайды. Өйткені, көптеген мамандар біздің еңбек нарығында көп болған соң, сұраныс аз. Ал, «Серпін-2050» жобасы бойынша ұсынылып жатқан мамандықтар еңбек нарығында тапшы, еш қиналмастан жұмыс табуға болатын мамандықтар. Мемлекет еңбек нарығындағы, экономикадағы ерекшеліктерді ескере отырып ұсынып отыр бұл мамандықтарды. Арман қуып ақылы оқығанша, «Серпінмен» тегін оқып, 100% жұмысқа орналасқан дұрыс деп ойлаймын.

 

Мұрат аға, толыққанды ақпарат бердіңіз. Бұл жобаға қызығушылар көбейеді деген ойлаймыз. Дегенімен, болашақ «серпінші» болып аталатын жастардың ортақ бейнесін суреттеп берсеңіз.

Мұрат Әбенов: Бірінші кезекте «Серпін-2050» жобасына қатысушылар тәуекелшіл, өзіне сенетін, білімді, білікті, алғыр азаматтар. Қиындықтан қорықпайтын, көпшілік ортаға тез бейімделетін, жаңа дүниелерге тез икемеделетін, өз мәселелерін өзі шешуге тырысатын жастар, талапты жастар қатысады. Мұндай жастар көп балалы отбасылардан жиі шығады. Оған өткен жылы біздің көзіміз жетті. «Серпін-2050» жобасын жеңіп алып, грантқа ие болғандардың 85% көп балалы және 83% әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары. Сол себепті, биыл да біз батыл, өз-өзіне сенімді, ата-анасына салмақ салғысы келмей, мемлекеттің беріп отырған мүмкіншілігін отбасы үшін пайдалануға даяр жастарды жобаға көптеп қатысуға шақырамыз. «Серпінмен» бірге - серпілісті бастайық!

 

Әңгімеңізге рахмет.