2024 жылдың 26 қарашасында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Алматы басқармасы ұйымдастырған республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік олимпиадасы өз мәресіне жетті. Бұл шара Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында өткізілген маңызды оқиға болып табылады. Олимпиадаға еліміздің әртүрлі өңірлерінен білімді және дарынды жастар қатысты, олардың арасында үздік студенттеріміз де болды.
Университетіміздің қабырғасында білім алып жүрген үздік студенттеріміз Заканова Аяна, Бауыржанқызы Еркежан, Байноллаев Шәріпхан, Оралтаев Әліби олимпиадаға қатысып, өздерінің білімдері мен дайындығын жоғары деңгейде көрсетті. Олар тек қана теориялық білімдерін дәлелдеп қана қоймай, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі өздерінің идеяларын да ортаға салды.
Олимпиадаға еліміздің 16 өңірінен келген жастардың арасында жүзден жүйрік болып танылған студентіміз Байноллаев Шәріпхан «Үздік Көшбасшы» номинациясын жеңіп алды. Оның бұл жетістігі тек оның білімінің жоғары екенін ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көшбасшылық қабілетінің де айқын көрінісі болып табылады.
Бұл олимпиада жастарымызға еліміздегі сыбайлас жемқорлық мәселесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді және оларды осы мәселеге белсене атсалысуға ынталандырды. Сондай-ақ, бұл шара жастардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігін арттыруда үлкен маңызға ие.
Университетіміздің студенттері бұл олимпиадада жақсы нәтиже көрсетіп, өз білімдерін дәлелдеді. Олардың жетістіктері білім ордамыздың абыройын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жастардың белсенділігі мен ынтасын да арттырады. Жастардың өз еліміздегі адалдық пен әділдік үшін күресуге дайын екендігі осы шараның басты нәтижесі болды.
Біз, өз кезегімізде, Байноллаев Шәріпханды және олимпиадаға қатысқан барлық студенттерімізді жоғары көрсеткен жетістіктерімен құттықтаймыз!