Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің бұйрығымен биология ғылымдарының докторы, професссор, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Жасұлан Құдайбергенұлы Шаймарданов Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры болып тағайындалды.
Жоғары оқу орны ұжымының кеңейтілген ректоратында жаңа ректорды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласына бақылау жөніндегі комитет төрағасы Саят Нүсіпов таныстырды.
Жасұлан Құдайбергенұлы - республиканың ғылыми-педагогикалық ортасына кеңінен танымал тұлға. Ол Павлодар педагогикалық институтының проректоры, Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, соңынан Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болған.
Ж.Қ. Шаймарданов ҚР БҒМ білім және ғылым саласына бақылау жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша білім саласына бақылау департаментінің директоры қызметін атқарған. Соңғы жылдары ҚР БҒМ жоғары білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және халықаралық ынтымақ департаментінің директоры болып істеді.
Университет ұжымына таныстыру кезінде Жасұлан Шаймарданов техникалық жоғары оқу орны алдында тұрған стратегиялық міндеттерді орындауға - білім беру сапасын жоғарылатуға, индустриялық-инновациялық дамудың нақты жобаларын енгізуге, еліміздің жаңа экономикасы үшін кәсіби шеберлігі жоғары кадрлар даярлауды қамтамасыз етуге әзір екенін айтты.