Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне (ШҚТУ) сапары барысында университет студенттерімен және шетелдік білім алушыларымен кездесу өткізді. Елдің білім саласы басшысымен диалог барысында жастар өз жобалары мен стартап-идеяларын таныстырып, түрлі тақырыптардағы толғандыратын сұрақтарын қойды.
Мәселен, ШҚТУ-дың сәулетші студенттері өздерінің оқу және ғылыми қызметтері аясында сан алуан бағытта әзірлеген бірегей жобаларын таныстырды. Олар тарихи ғимараттарды қалпына келтіру бағытында инновациялық тәсілдерді ұсынып, мәдени мұраны қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылым стандарттарымен ұштастыра отырып, қалалық көшелерді, саябақтарды және қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарларын жасады. Жас сәулетшілер өз жобаларын әзірлеу барысында олардың ыңғайлы, экологиялық әрі функционалды қалалық орта құруға ерекше назар аударды.
Enactus EKTU командасы өздерінің стартап-идеяларымен және инновациялық шешімдерімен бөлісті - студенттер экология, тұрақты даму және цифрлық технологиялар саласындағы бірнеше жобаларын таныстырды, олар әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған.
Сондай ақ Саясат Нұрбек ШҚТУ-да «Лу Бань шеберханасы» атты бірегей оқу орталығында білім алып жатқан шетелдік студенттермен кездесу өткізді. Моңғолиядан, Беларусиядан және Ресейден келген студенттер: Адалбек Ақжол, Манько Матвей және Коротков Денис министрмен әңгіме барысында ШҚТУ-дағы оқу тәжірибелерімен бөлісіп, «Лу Бань шеберханасында» білім алу олардың кәсіби дамуына кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті - жоғары дайындық деңгейі мен заманауи технологияларға қолжетімділік арқасында олар әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маманға айналады.
- Өткен жылы біз «Лу Бань шеберханасын» аштық, бұл электромобильдерді жобалау, қызмет көрсету, прототиптеу және дизайн бойынша инженерлер мен мамандарды даярлайтын алғашқы мамандандырылған орталық болды. ШҚТУ-дың осы табысты тәжірибесінің арқасында Қытай үкіметі өздерінің «бір елде бір шеберхана» қағидасынан бас тартып, Қазақстанда тағы екі осындай шеберхана ашуға шешім қабылдады, - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Артынан студенттер министрмен бірге бірнеше ұрандарды айғайлап, шағын жастар перформансын ұйымдастырды және 3D принтерде басылған титаннан жасалған «асық» ұсынды.
Министр жастармен өзара түсіністік пен ынтымақтастықты жақсарту үшін студенттермен мұндай кездесулер мен диалогтардың қажет екенін атап өтті - бейресми ортадағы қарым-қатынас жақсы өзара түсіністікке қол жеткізуге көмектеседі. Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің бастамаларын, әсіресе ғылым, инновация және кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған жобалар мен идеяларды болашақта қолдауға әзір екендігін білдірді.