Металлургия және пайдалы қазбалар өндіру саласындағы Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институты (ҚНИ) базасында заманауи жоғары технологиялық зертханалар мен ғылыми орталықтар жұмыс істейді, олар кең ауқымды өзекті зерттеулер мен жобаларға бағытталады. Болашақта ҚНИ ғылым және технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталық алаңына айналып, елдер арасындағы тәжірибе мен білім алмасуға ықпал етеді.

- Бүгінгі іс-шара мен үшін ерекше маңызды. Мұндай ғылыми орталық құру идеясы 14 жыл бұрын ұсынылған болатын, сол кезде мен ресми делегация құрамында болған едім, енді міне бәрі логикалық қорытындыға келіп отыр. Қазақ-Неміс институтын дәл осы жерде, Шығыс Қазақстан облысында құру біз үшін өте маңызды жоба, ал облыс әкімдігі бізге белсенді қолдау көрсетіп отыр. Адами капиталға, технологиялар трансферіне инвестициялар ШҚО экономикасының өңірлік дамуының негізі болатынын барлығымыз түсінеміз,. Қазіргі кезде әлемде сирек кездесетін металдардың маңызы мен маңыздылығы күрт артты, түрлі елдер тарапынан үлкен сұраныс байқалып отыр, мысалы, бізге Оңтүстік Корея мен Жапония да жүгінген болатын. Сондықтан Қазақ-Неміс ғылым және технология институты металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласында жұмыс істейтін болады, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Естеріңізге сала кетейік, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру туралы меморандум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федералдық Канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Ақордада өткен кездесуде қол қойылған болатын.

- Мен Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастардың дамуының жаңа кезеңі, университеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейі екенін атап өткім келеді. ҚНИ-дің (Қазақ-Неміс институты) үлкен әлеуеті бар деп есептеймін, бұл жоба өзгелерге үлгі бола алады. Екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастық нығайып, дами түскеніне қуаныштымын, - деді Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен өз сөзінде.

ҚНИ - Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Қазақ-Неміс университетінің бірлескен жобасы. Болашақта ол ғылым және технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығына айналып, екі ел арасында тәжірибе мен білім алмасуына ықпалын тигізеді. ҚНИ базасында әртүрлі салалардағы бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеулер жүзеге асырылып, студенттер екі дипломдық білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Олардың бірі - Бранденбург техникалық университеті Котбус-Зенфтенбергпен (Brandenburgische Technische Universität Cottbus-Senftenberg) бірлесіп әзірленген «Металлургия» магистратурасының бағдарламасы бойынша сабақтар жүргізілуде. Болашақта ҚНИ базасында «Геология», «Тау-кен ісі», «Механика және металл өңдеу» және «Тұрақты даму» бағыттары бойынша тағы төрт бағдарлама жүзеге асырылады, олардың әрқайсысы Техникалық университет Фрайберг тау-кен академиясы (Technische Universität Bergakademie Freiberg), Бохумдағы Рур университеті (Ruhr-Universität Bochum), Штутгарт университеті (Universität Stuttgart) және Клаусталь техникалық университетімен (Technische Universität Clausthal) бірлесіп жасалған. Бұл студенттерге бір уақытта ШҚТУ мен Германияның жетекші техникалық университеттерінде білім алуға бірегей мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Шәкәрім Бугтугутов және Ольга Булавкина, сондай-ақ Қазақстан-Неміс институтының президенті Вольрад Роммель Қазақстан-Неміс институты базасында жұмыс істейтін екі ғылыми орталық пен сегіз зертхананың жұмысымен танысып, сол жерде өздерінің ғылыми және академиялық қызметін жүзеге асыратын ғалымдар мен қызметкерлермен әңгімелесті. Сондай-ақ, Саясат Нұрбек ШҚТУ-ға сапары барысында жас ғалымдармен олардың ғылыми жобалары мен қызмет салаларындағы перспективалық әзірлемелерін талқылады.

Осылайша, Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институты академиялық және технологиялық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, Қазақстанда инновациялар мен озық зерттеулерді дамытуға ықпал етіп, Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, жоғары технологиялар мен ғылымның жаһандық деңгейде дамуына бағытталған жемісті өзара іс-қимылдың символына айналады.