Бүгін Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Ғұламалар кеңесінің ХХХ мәжілісі басталды. Мәжіліс жұмысына кеңес мүшелері толық құрамда қатысып жатыр.
Кеңестің кезекті мәжілісін ашқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: "Ғұламалар кеңесі шариғат негіздеріне сүйеніп, мұсылман қауымы арасында туындаған түйткілді мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шығарып, пәтуа қабылдап келеді. Ғұламалар кеңесі осы уақытқа дейін 35 концептуалды құжат қабылдап, шариғат аясында отбасы және неке мәселесі, медицина, құқық, қаржы, т.б. салалар бойынша 100-ге жуық пәтуаны бекітті. Сонымен қатар кеңес жұмысында өзекті тақырыптарды қамтыған 8 кітапты талқылап, баспаға ұсынды. Игі іске үлес қосқан ғұламаларға айрықша алғысымды білдіремін" деді.
Биылғы ғұламалар кеңесінде 1 концептуалды құжат пен 2 ғылыми жоба талқыланады. Сонымен қатар түрлі тақырыпта жазылған 11 пәтуаның мазмұны жайында сөз қозғалады. Атап айтқанда, нәпақа берудің үкімі, түсік құны туралы үкім, жасанды түсіктің төлемі, жалға алған мүлікті жалға беру үкімі, үй құстарын механикалық аппаратпен бауыздау үкімі, онанизм және оның шариғи үкімі, боза ішу үкімі, т.б. пәтуалар мазмұнын қарастыратын болады.
Кеңес жұмысы ертең де жалғасады.