Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің акт залында 1-курс студентерімен кездесу өтті. «Өзін-өзі басқару» тақырыбы бойынша көптеген сұрақтар талқыланды. Жиын басында мінберге шығып сөз алған «Жастар ісі жөніндегі комитет» (КДМ) төрағасы Василий Хван студенттерге университеттің қызықты өмірі туралы мағұлматтармен бөлісіп, «Өзін-өзі басқару» туралы тереңірек түсініктеме берді.
Келесі кезекте Әлеуметтік-тәрбие жұмысы және азаматтық даму басқармасының басшысы Гульнара Жанабаева студенттерді қуана қарсы алғанын айтып, сәттілік тіледі. Келесі кезекте, «Freedom» дебат клубының жетекшісі Дархан Ашимов осындай ұйымның бар екенін таныстырып, студенттерге халық алдында қысылмай еркін сөйлеудің тәсілдерін үйретуге уәде етті. «Қазақ тілі мен орыс тілі» кафедрасының меңгерушісі Гульзада Асавбаева қысқа да нұсқа баяндама жасап, университет қабырғасында поэзияға қызығып һәм қалам тербеп жүрген студенттер болса Абай, Пушкин атындағы әдеби клубтарға шақырды.
Кездесу барысында Лира Хасенова университет қабырғасында шет тілін оқыту курстары бар екенін ескерте кетті. Аталмыш жиында Тимур Қабдылғазы, Еңлік Кәрімова, Санжар Дәлелхан, Арай Манапова, Әнел Белгібаева шығармашылық ұжымдар туралы ақпарат берді.