Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Бизнес мектебінде Тәуелсіздік күніне орай «Ел тұғыры - бірлікте» атты квиз ойын ұйымдастырылды. Бұл іс-шара «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасындағы «Алтын бесік - Мұзтау» клубының студенттері үшін ерекше патриоттық маңызы бар болды.

Квизді ұйымдастырушы ретінде клуб жетекшісі, PhD докторы Урюстюмова А.И. мен ШҚО Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының маманы Рахатова Ж.Т. барша қатысушыларды құттықтап, ел тарихындағы маңызды кезеңдер мен Тәуелсіздіктің жетістіктері туралы ой қозғады.

Шара барысында студенттер егеменді ел кезеңінің тарихындағы маңызды оқиғалар мен тарихи тұлғаларға қатысты түрлі сұрақтар мен тапсырмаларды орындап, патриоттық өлең жолдарын оқыды. Бұл тапсырмалар жас ұрпақтың еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен ата-бабаларымыздың ерліктерін білуге, олардың ерлік жолдарын қадірлеуге деген қызығушылықтарын арттыруға бағытталды.

Квиз екі топ арасында тартысты өтті. Қатысушылардың білімдері мен жылдамдықтары сынға түсіп, нәтижесінде екі топ жеңімпаз атанды. Олар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.

Шараға қатысқан 23-МКК, 23-ДСК, 23-ЭЛК, 23-ВРК топтарының студенттері бұл квизден үлкен әсер алып, ел тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік күніне арналған осындай іс-шаралар студенттердің патриоттық сезімін күшейтіп, ұлттың бірлігі мен егемендігін нығайтуға бағытталған.

Бұл квиз Тәуелсіздік мерекесінің рухын айшықтап, жастар арасында патриотизмді арттырудың маңызды құралына айналды. Шараға қатысушылар өз елінің тарихын білу арқылы Тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенімін тағы да нығайта түсті.