2024 жылдың 12 желтоқсанында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Коллаборация – индустриялық технологияларды коммерциялық дамыту әдісі» тақырыбында воркшоптың алғашқы күні басталды. Бұл іс-шара нарықты талдау, жаңа технологиялар, жаһандық салалық трендтерді зерттеу, тұрақты даму стратегияларын әзірлеу және экологиялық стандарттарды енгізуге арналды.

Воркшоптың негізгі мақсаты – индустриялық дамуды жеделдетуге және инвестицияның қайтарымдылығын арттыруға ықпал ететін жаңғырту мен даму бағыттарын анықтау. Қатысушылар экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерді біріктіретін ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеп, кешенді даму тәсілдерін қамтамасыз етуде.

Воркшоптың негізгі спикері – ғылым докторы, профессор, технологиялық дамудың стратегиялық бағдарламасын жасаушы, Шотландияның Ұлттық Өнеркәсіп Орталығының (NMIS) білім алмасу бойынша жетекші ғылыми қызметкері, Глазго қаласындағы Стратклайд университетінің шақырылған профессоры Евгения Якушина болды. Оның дәрістері мен практикалық сессиялары қатысушыларға жаһандық трендтерді талдау, салалық қиындықтарды еңсеру және тұрақты даму үшін қажетті құралдар мен білім ұсынды.

Воркшоп «Казцинк» ЖШС, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, «Біріккен ЭнергоСервистік Компания» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС, «VK Development Group» ЖШС және «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС сияқты жетекші компаниялардың өкілдері арасында тәжірибе алмасу және серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар өздерінің өнеркәсіп қажеттіліктері туралы идеялары мен көзқарастарын белсенді түрде ұсынды, сондай-ақ болашақ жаңғырту қадамдары үшін негіз болатын стратегиялық карта-горизонтын әзірлеуге атсалысты.

Воркшоптың жалғасы 17 желтоқсанға жоспарланған. Бұл күні қатысушылар өз білімдерін тереңдетіп, аймақ кәсіпорындарының өсуі мен жаңғыртылуына ықпал ететін тұрақты даму стратегиялары мен инновациялық шешімдерді әзірлеу жұмыстарын жалғастырады.