Халықаралық волонтерлер мен халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қолдауымен «Парасатты балақай» жобасы аясында «Әдепті бала - арлы бала» атты танымдық сағат ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – жас ұрпақты парасаттылыққа, адамгершілікке, әдептілікке баулу, сондай-ақ, олардың бойында жоғары моральдық қасиеттерді дамыту болды.

«Парасатты балақай» жобасы  — өскелең ұрпақты өнегелі іске бастайтын жоба. Бала бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтар отбасында, балабақшада, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді. Тіршіліктегі ең жауапты әрі қиын борыш – дүние есігін ашқан нәрестеге дұрыс тәрбие беру. Мағжан Жұмабаевша айтсақ, «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі». Демек баланың санасына иман мен білімді, мейірім мен қанағатты, өзге де адамзат бойындағы асыл қасиеттерді бұғанасы қатпаған сәтінен бастап сіңіру керек. «Парасатты балақай» жобасының мақсаты да осы – деп түйді өз ойын білдіріп шара қонақтары.

Іс-шараға балабақша тәрбиеленушілері, тәрбиешілер, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Салтанатты жиынның ашылуында ШҚТУ басшылығы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері сөз сөйледі. Гүлнара Нұртасовна Жанабаева өз сөзінде білімді, тәртіпті, мейірімді ұрпақ тәрбиелеу маңызды екенін атап өтіп, «Парасатты балақай» жобасының жүзеге асырылуының маңыздылығына тоқталды.

Шара барысында «Саналы ұрпақ» клубының мүшелері мен еріктілердің өнерлері көрсетілді. Олар «Еріктілер әні» мен «Жемқорлыққа қарсы еріктілер» әнұранын орындап, қатысушыларға парасаттылық туралы маңызды ойларды жеткізді. Сонымен қатар, университетіміз Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің №100 балабақша-бөбекжайымен бірлесіп, «Жамандықтан қашық бол, жақсылыққа асық бол!» атты сурет конкурсын ұйымдастырды. Бұл конкурс арқылы балаларға жақсы мен жаманның ара-жігін түсінуге, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге мүмкіндік жасалды. Конкурсқа қатысқан балалардың суреттері олардың өмірге деген оң көзқарасын, парасаттылыққа деген талпынысын айқындады. Балабақша бүлдіршіндері танымдық қойылым қойып, көңілді әуелеткен әуезді әндерін шырқап мыңбұралған билерін билеп берді. Студенттер мен балалар бірлесіп әдептілік туралы өлеңдер оқып, жақсы мен жаманды ажыратып, тәртіпті болудың маңыздылығын көрсететін ойындар ойнады. Сондай ақ қылқаламмен суреттер салып, үрлемелі шарға өз қолдарымен суреттерін бейнеледі. Осылайша балдырғандарымыз талшыбықтай кезінен түзу өсіп, еліміздің еңсесін адал әрі әділетті қоғам қалыптастыруды бойларына сіңіріп өсуіне осынау шара түрткі болатынына кәміл сенеміз.

Танымдық сағаттың ІІ бөлімінде ШҚТУ мен балабақша ұжымдары өзара ынтымақтастық туралы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, балалар «Парасатты балақай» жобасы аясында салынған суреттерді бояп, мейірімділік пен әдептілік туралы ойындар өткізді.

Шара соңында «Әлеуметтік-мәдени қызмет және жастар саясаты басқармасының» директоры Гүлнара Нұртасовна Жанабаева мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері марапаттау рәсімін өткізді. Марапаттар балабақша ұжымына және белсенді қатысушыларға табыс етілді.

Бұл іс-шара еліміздің болашағы болып табылатын балаларды парасатты, әдепті азаматтар етіп тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.