Бүгін ШҚТУ үшін маңызды оқиға болды: ШҚТУ ғылыми кітапханасына Жеңіс Оразханұлы Құлсейітов есімі берілді.
ШҚТУ тарихы тек университеттегі оқиғалар ғана емес, ең алдымен университеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан жандар.
Сондай тұлғалардың бірі - Жеңіс Құлсейітов еді. Жеңіс Оразханұлы машина жасау саласында инженерлік кадрларды даярлауға орасан зор үлес қосты. Іс-шараға Ж.Құлсейітовтің әріптестері мен шәкірттері, ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған университеттің құрметті ардагері Ю.В. Баталов қатысты.
Юрий Васильевич өз сөзінде Құлсейітовтің кәсіби қасиеттерімен қатар қарапайым, адамдық қасиеттерін де атап өтті.
«Ол мейірімді, дана адам еді. Біз оны бәріміз сағынып жүрміз», - деп түйіндеді Ю.В.Баталов.
Құлсейітовтер отбасы да шарадан қалыс қалмады. Жеңіс Оразханұлының жұбайы мен балалары ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймардановқа ғылыми кітапхана Ж.О.Құлсейітов есімімен аталатыны үшін алғыстарын білдірді. Жиынға қатысқан Жеңіс Оразханұлының түлектері, достары жылы лебіздерін, сүйікті ұстазы, досы туралы естеліктерін айтты.
Уақыт өтеді, есімдер қалады. Тарихты сақтау ШҚТУ-дың табысты қызметінің маңызды іргетасы болып табылады.