Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Республика күніне орай «Ел ертеңі – парасатты жастар» аймақтық зияткерлік ойыны өтті.
Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының басты жоғары оқу орындары қатысуымен өткен көңілді зияткерлік ойын мақсаты – жастардың біліктілігін арттыру, өн бойындағы тұлғалық қасиеттерін көтеруге ынталандыру, гуманитарлық және әлеуметтік-саяси пәндерді дәріптеу.
Айта кету керек, мерекелік іс-шара Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Адам бол» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Ойын «Қазақстан тарихы», «Философия», «Мәдениеттану», «Абай мұрасы», «Тілдер» бағытында өтті.
Кез-келген ойын шарты бойынша, командалар ең алдымен өздерін таныстырып өтті. Бұл кезеңде, Шәкәрім университеттерінің еңбегін жоғары бағалау орынды. Ұлттық болмысты айқындайтын бас киім үлгісі, таныстырылым, бейнеролик, өз-өздерін таныстыру және жиналған қауымды мерекемен құттықтауы көпшілікті тәнті етті.
Зияткерлік ойын төрт кезеңнен тұрды. Өзін-өзі таныстырудан соң, студенттер түрлі қызмет саласындағы сарапшылардың бейнесұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде суреттерге қарап тарихи фактілерді анықтауы тиіс. Төртінші кезеңде, студенттердің тіл білімі мен оқымыстылығы сынға алынды. Ақтық, бесінші кезеңде команда мүшелері жедел сауалдарға, жедел жауап беруге тырысты.
Ойын қорытындысы бойынша І орын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ командасына бұйырды. Екінші орынды Шәкәрім университеті мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ иеленді. Үшінші орынды Қазақстан Американ Еркін университетінің студенттерінің үлесіне бұйырды.
Ойынға қатысқан барлық студенттерге Сертификаттар, оларды дайындаған оқытушыларға алғыс хаттар берілді. Жеңімпаз командаларға арнайы және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.