Шілде айының басында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ оқытушылары мен студенттерінен құралған делегациясы Тяньцзинь қаласынан (Қытай) оралды. Онда «Лу Бань шеберханасы» жобасының екінші кезеңі аясында Тяньцзинь кәсіби институтының (TVI) базасында тренинг өтті. Тағылымдама екі аптаға созылды.

Биылғы жылы делегация құрамы әртүрлі болды: оқытушылардан басқа, сапарға университеттің магистранттары мен докторанттары қатысты, бұл мамандардың ұрпақтары арасында білім мен тәжірибені берудің маңыздылығын көрсетеді.

Сапардың бірінші күні салтанатты ашылу рәсімінен басталды, онда TVI президенті У Вэньбао, TVI автомобиль инженериясы институтының өкілі, ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Машекенова Асия Хасенқызы және халықаралық Инженерия мектебінің профессоры Мұздыбаев Мұрат Сейітұлы сөз сөйледі.

Тағылымдама бағдарламасы автомобиль көлігі мен интеллектуалды көлік жүйелері саласында заманауи Қытай жабдықтарын пайдалануда практикалық дағдыларды игеруге бағытталған. Тренингке қатысушылар интеллектуалды желілік автомобильдердің жұмысымен, LIDAR және 360 градустық айналмалы камералардың жұмыс істеу принциптерімен танысты, сонымен қатар Python бағдарламалау тілінде практикалық тапсырмаларды орындады.

Бүгін басқарма төрағасы - ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллинамен кездесу өтті, онда тағылымдама нәтижелері және қытайлық білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды. Сәуле Жадыгерқызы білім беру сапасын арттыру және инженерия саласында мамандар даярлау үшін осындай тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.