Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ТEDx жобасының кезекті қонағы ретінде ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, қоғам белсендісі, №1 орта мектебінің директоры Әділ Сайлаубек келді.
Спикер жалпыадамзаттық құндылықтар, адам тәрбиесінің негізі турасында өнегелі сөз қозғады. Студенттер қауымына адам құқығы мен бостандығын құрметтеу, азаматтық ұстаным қағидаларымен бөлісті.
«Кез-келген саналы, көзі ашық, көзі ашық дегенде міндетті түрде дипломы бар адам емес, өмірден ой-өрісі кең, оқымаса да көкірегі сайрап тұрған азаматтың басты ұстанымы қасындағы елді ойлауы, мемлекеттің мүддесін ойлауы деп түсінемін. Азаматтық ұстаным ұстанған жеңіл жол емес, себебі кей тұста сенің азаматтық ұстанымың туыстық не достық қатынастарға қарама-қайшы кеп жатады. Сондықтан ар-намысты сақтау жолында өз азаматтық ұстанымдарыңызға берік болыңыздар!» - деп, Әділ Сайлаубек ойларын жастар қауымымен бөлісті.
Сөз соңында спикер өз өмірінен мысалдар келтіре отырып, өмірдің әртүрлі жағдайларына қалай жауап беру керектігі жөнінде студенттер сұрақтарына жауап берді.
«Жастардың жан-жақты дамуына қандай жағдай жасау керек? Ойын еркін білдіре алатын парасатты тұлғаны қалыптастыру үшін қалай көмектесуге болады? Осы мақсатты жүзеге асыруда TEDx форматындағы шаралардың маңызы зор», - деді қоғам белсендісі сөз соңында.