Бүгін ШҚТУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бойынша кездесу өткізді. Профессорлық оқытушы құрам, магистранттар мен жас ғалымдардың қатысуымен өткен жиында парақорлықтың тамырына балта шабу қажеттігі, оның тікелей білім саласына келтірер кесапаты мен жауапкершілігі турасында тың әңгімелер қозғалды.
Жалпы, университет 2018 жылы Халықаралық ISO 37001-2016 стандарттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін енгізуді бастап кетті. Жобаны енгізу үрдісіне ЖОО бөлімдерінің барлығы тартылып, 50-ге жуық қызметкер оқудан өтті. Жемқорлық қауіпін анықтау бойынша алғашқы жұмыстар жүргізілді.
Былтыр, желтоқсан айында ШҚТУ халықаралық сертификациядан өтті.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда жемқорлықпен күрестің негізгі қаруы - комплеанс қызметін енгізу. Университетімізде бұл қызметті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы істе тәжірибесі мол комплеанс офицер Мықтыбаев Қуаныш Әзімжанұлы атқарып келеді.
Парақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тығыз байланыс орнату. Университет ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен серіктестікте. Бүгінгі жиын барысында, атаулы орган өкілі Бекбаев Гүлнұр Айтқұмарқызы да қатысты. Гүлнұр Айтқұмарқызы сыбайлас жемқорлықтың Жоғары оқу орнында алатын жағдаяттарына, бұл қылмыстың жауапкершілігі туралы толыққанды ақпараттармен бөлісті.
Университет басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарын дамыта түспек. Сапалы білім, сыбайластықтан кіршіксіз таза болуы шарт екенін ұжым да терең түсінеді.